Туризм инфрақұрылымын жақсарту, тарихи-мәдени мұраларды сақтау және халықаралық деңгейде танымал туристік нысандарды қалыптастыру – мемлекеттің стратегиялық мүддесінің бірі. Осы мақсатта Тәуелсіздік күні қарсаңында ішкі туризмді нығайтуға, көлік инфрақұрылымын жақсартуға және жолаушылардың жайлылығын арттыруға бағытталған жаңа туристік пойыз іске қосылды.
Енді Астанадан Бурабай курортына дейін жаңа жүрдек электр пойызы тоқтаусыз жүреді. Еліміздегі іргелі ақпарат құралдарының қызметкерлері де жаңа пойыздың алғашқы жолаушыларының бірі болып Бурабайға жол тартқан еді. Саяхатшылардың сапарын ыңғайлы әрі жылдам ететін жүйрік пойыздың жол жүру уақыты 2 сағат 26 минут болса, жолақысы «Нұрлы жол» стансасынан 2 770 теңге және «Астана» стансасынан 2 548 теңгені құрады.
Бүгінде отандық машина жасау саласындағы инновациялық технологиялар туризмді дамытуда маңызды рөлге ие. Мысалы, Астанадан Бурабай курортына дейінгі жаңа электрлі пойыздың іске қосылуы – осының жарқын көрінісі. Бұл көлік түрі туристердің танымал демалыс аймағына тез әрі ыңғайлы жетуіне мүмкіндік береді. Заманауи пойыздар экологиялық таза және энергия үнемдейтін технологиялармен жабдықталған, бұл туризм инфрақұрылымының тұрақты дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар отандық машина жасау саласының мұндай жобаларға қатысуы Қазақстандағы өнеркәсіптік өндірісті қолдап, ішкі экономиканы нығайтады. Осылайша, инновациялық көлік жүйелері мен инфрақұрылымдық жобалар туризмді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Атап айтар болсақ, ҚТЖ жолаушыларын тасымалдайтын «EPZD электр пойызы» – «Өнеркәсіпті дамыту қорының» қолдауымен іске асырылған «ЗИКСТО» отандық кәсіпорнының инновациялық әзірлемесі. Бұл – Қазақстандық машина жасау жетістіктерінің көрінісі, елдің технологиялық прогресінің символы. Экономиканың кез келген саласында отандық өндіріс өнімдерін қолданысқа енгізу – шығындарды едәуір қысқартудың, технологиялық тәуелсіздікті арттырудың бір мүмкіндігі. Осылайша, туризм де жергілікті экономиканың дамуына жанама үлес қосып, өзге салалардың қосарлана дамуына ықпал еді.
Сонымен қатар баспасөз өкілдеріне биыл ғана қайта жаңғыртудан өткен Бурабайдағы Мультимедиялық интерактивті кешеннің жұмысы таныстырылды. Бүгінде Қазақстандағы ең жоғары технологиялы музейлердің біріне айналған кешенде анимациялық және аудиовизуалды технологиялар арқылы әрбір келуші қазақ мәдениетінің бірегей атмосферасына еніп, еліміздің тарихы туралы көбірек біле алады. Медиаконтент тұрақты түрде жаңартылып, танымдық және ойын-сауық бағдарламаларымен толықтырылып отырады. Бұл келушілерге еліміз туралы тың әрі қызықты мәліметтерді ашуға мүмкіндік береді.
Кешендегі басты жаңалықтардың бірі – «Куб 360» залы. Бұл зал Қазақстандағы алғашқы ерекше бейне көрсету технологиясымен жабдықталған. Бес проектор мен екі жанынан көрсетілетін экран 270 градустық шолу бұрышын қамтамасыз етіп, көрермендерге бейнефильмнің ішінде жүргендей әсер сыйлайды. МИК қызметкерлерінің сөзінше, маусым кезінде мұнда күніне орта есеппен 80 адам келеді. Бұл, әсіресе мектеп оқушылары үшін ұйымдастырылған экскурсиялар тарихи-мәдени мұрамен қызықты әрі қолжетімді түрде танысуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар БАҚ өкілдеріне «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінің жұмысы таныстырылды. Қазір ұлттық паркке кіру тәртібі де өзгеріп, жаңа тариф енгізілген. Мұның себебін парк өкілдері «Бурабай» ұлттық паркінің биосферасын сақтау, туристерге барынша қолайлы ахуал жасау үшін қолға алынып отыр деп түсіндірді. Сонымен қатар ұлттық парк аумағында және оған іргелес орналасқан жерлерде тұратын елді мекендердің халқына тиімді болу жағы да ескерілгенін атап өткен жөн.
– Бұрын ұлттық парктерге келгені үшін алынатын төлемақы республикалық бюджетке түссе, Салық кодексіне өзгеріс енуіне байланысты енді ол қаражат ұлттық парктердің есебінде болады. Бурабай – еліміздегі халық ең көп келетін ұлттық парк. Биыл келген туристер саны 1 миллионнан асты, жыл санап бұл көрсеткіш өсіп келе жатыр. Әрине, туристер көп болған сайын жергілікті табиғатқа да үлкен салмақ түседі. Қоқыс көбейеді, топырақ эрозияға ұшырайды, тау-тастар бүлінеді. Өрт қаупі күшейеді. Жұмыс күшін көбейтуге тура келеді. Оның барлығы қосымша шығынды қажет етеді, – дейді «Бурабай» МҰТП директорының орынбасары Венера Нұғманова.
Қазір «Бурабай» паркіне кіретін тұстарда автоматтандырылған 5 өткізу-бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Төлемді Kaspi және Halyk Bank QR-кодтары арқылы жасауға болады. Сонымен қатар төлем терминалдары орналастыруда.
– «Бурабай» ұлттық паркінің аумағында тұратын, сондай-ақ ұлттық паркпен іргелес елді мекендердің 26,5 мың халқына өту тегін. Ешқандай төлемақы алынбайды. Яғни, жергілікті халықтың мүддесі ескерілді. Туристердің келгені жақсы, әрине. Бірақ осы жерде өмір сүріп жатқан адамдардың жағдайын ойлау керек, – дейді Венера Нұғманова.
Спикер атап өткендей, «Бурабайда» экожүйені қорғауға бағытталған арнайы табиғат қорғау режимі бар. Орманды өрттен қорғау, жаңа көшет отырғызу, аң-құстар мен балықтарды қорғау, оларға қысқы азық-түлік әзірлеу, қоршаған ортаға мониторинг жүргізу, биоқалдықтарды тазалау сияқты жұмыстар жыл бойы жүреді. 2017 жылы енгізілген тариф 7 жылдан бері алғаш рет өзгертіліп отырғанын айта кеткен жөн.
Сондай-ақ Бурабай курортындағы қыстық маусымның ашылуына орай ұйымдастырылған баспасөз туры барысында қазақстандық Лапландияда өтетін туристерге арналған қызықты іс-шаралар таныстырылды: Шаман ауылы; иттер мен бұғылар шанасымен сырғанау, атпен серуендеу; қардағы белсенді демалыстар және тағы басқалар.
Кәмила ЕРКІН