2024 жылдың қазан айында сотталушы С. алдау жолымен бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында жәбірленуші М.-дан Sony PlayStation 5 ойын құрылғысын жалға алып, оның рұқсатынсыз ломбардқа өткізіп, түскен ақшаны өз қалауы бойынша жұмсап, құрылғыны қайтарып бермей, жәбірленушіні әуре-сарсаңға салған, - деп жазады Aikyn.kz.
Өз әрекеттерімен С. жәбірленуші М.-ға 300 мың теңге сомасында материалдық залал келтірген.
Әрі қарай ол осыған ұқсас алаяқтық жасап, жәбірленуші К.-ны алдап, 360 мың теңге сомасында материалдық шығын келтірген.
Сотталушының кінәсі өзінің мойындау айғақтарымен, жәбірленушілердің айғақтарымен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.
Прокурор 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушы өз кінәсін мойындап, өкініш білдіріп, залалды өтеп, іс бойынша дәлелдемелерді дауламады.
Жәбірленушілер жаза тағайындауды соттың қарауына қалдырды.
ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі жазаны көздейді. Сот қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде шын жүректен өкінуін таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен С. ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.