BBC сайтында жарияланған сараптамалық жазбаға сүйеген Aikyn.kz жақсы іс-әрекеттерімізді қағазға түсірудің пайдасын түсіндіреді.
Абай атамыз «адам өзіне-өзі күн сайын, апта сайын, ай сайын, болмаса, жылына бір рет» өзіне есеп беру керектігін ескертіп кеткен. Психологиялық зерттеулер жақсы іс-әрекеттердің тізімін жасау көңіл күйді жақсартуға көмектесетінін дәлелдеген.
Бұл психологиялық әдістер әртүрлі аталады: жасаған үш жақсылық, алған үш бата немесе алғыс тізімі. Оларды қалай орындау керектігі туралы нұсқаулықтарды интернеттен оңай табуға болады. Шын мәнінде, бұндай жаттығуға ұйықтар алдында бірнеше минутыңызды күніңіз қалай өткенін ой елегінен өткізіп, өзіңізге ұнаған үш істі жазып қою ғана жатады. Ең бастысы, бұл – іс-әрекеттерді неге оң деп тапқаныңыз туралы ойлану.
Сіз кез келген нәрсені таңдай аласыз. Олар қаншалықты кішкентай және маңызды емес болып көрінуі де мүмкін. Көптен бері көрмеген досыңызбен кездесу. Әріптесіңіз сізге жағымды жаңалық немесе күлкілі оқиға айтса. Бәлкім, жұмыстан шығып, жарық түскен көшемен үйге жаяу барғаныңыз ұнаған болар. Біздің айналамызда көп жақсы көріністер бар. Тек соларға мән бермей жатамыз. Ал үш жақсы істі еске түсіру осындай кемшіліктің орнын толтырады.
Үш жақсы іс туралы ойлану барысында әлдеқайда мағыналы, өміріңізді өзгертетін жағдайларға да басқаша қарайтын боласыз. Мысалы, маңызды емтихан тапсыру немесе қызметіңіздің өсуі, достарыңыз бен туысыңыздың балалы болғаны туралы хабар.
Бөтен адамдардан, үлкендерден алған баталарыңызды санау сияқты жаттығуларды психологтер бұрыннан қолданады. Әрбір адам өзінің әл-ауқатын жақсарту үшін күнделікті өмірінде осы әдісті қолдана алады. Оның тиімді екенін 2005 жылы ауқымды зерттеу жүргізген позитивті психология саласындағы белгілі тұлғалар Мартин Селигман мен Крис Петерсон дәлелдеген. Олардың зерттеуіне кездейсоқ түрде әртүрлі топтарға бөлінген 577 адам қатысты. Бір топ әр кеш сайын өздерінің балалық шағындағы естеліктері туралы жазып жүрді. Басқа топтарға әрекет ету үшін әртүрлі тапсырмалар беріледі. Сынақтың ең қызық бөлігінде адамдардан күннің жақсы өтуіне себепші болған жақсы үш нәрсені тізімдеу сұралған. Келесі бірнеше айда барлық топтағы еріктілерге олардың бақытын өлшеу үшін арнайы шкалалар көрсетіледі.
Зерттеу нәтижелері таңғаларлық болған. Бір қызығы, үш жақсы нәрсе тапсырмасы берілген адамдар бір айдың ішінде бақытты сезіну деңгейлерінің жақсарғанын, сондай-ақ депрессиялық белгілердің төмендегенін көрсете бастаған. Оларда мұндай әсерлер зерттеу жүргізілген алты ай бойы сақталған.
Балалық шағы туралы естеліктер жазған топтағылар бірінші аптада бақыттың қысқаша өсуін байқаған. Бірақ олардың көңіл күйлері көп ұзамай бастапқы күйіне оралып, келесі алты айда ешқандай өзгеріс болмаған. Бұл адамдардың туа біткен позитивті емес, жағымсыз жағдайларды көбірек есте сақтайтын тенденцияға қарама-қайшы нәтиже.
2005 жылдан бері бұл әдіс Кенияның Найроби қаласының кедей аудандарындағы жасөспірімдерден Швейцарияда тұратын егде жастағы әйелдерге дейін әртүрлі адамдарда сыналған.
«Үш жақсы нәрсе» стратегиясының тиімділігінің бір себебі – адамдар жақсы емес, жамандықты көбірек есінде сақтайды деген тенденцияның бұзуға болатынын көрсетеді. Адамның мұндай ойлауының эволюциялық себебі бар: қиындықты, қорқынышты есте сақтау біздің өмір сүруіміз үшін өте маңызды. Мысалы, біз көшеде артымыздан келе жатқанын кішкентай мысықты байқамаймыз. Бірақ оның орнында арыстан болса, оны өмір бойы ұмытпаймыз.
Біздің миымыз біздің қауіпсіздігімізді сақтау үшін қауіп-қатерлерді жақсы сақтауға жұмыс істейді. Бұл – Жаратушы берген қасиет. Тек соғыс пен қайғы-қасірет, өшпенділік пен алауыздық жайлаған әлемде негативті біз смартфонның көмегімен күнде көреміз. Осы жағымсыз көзқарас біздің көңіл күйімізге ауыр салмақпен басып кетуі мүмкін.
«Үш жақсы нәрсе» жаттығуы көңіл күйімізді позитивті арнаға бұруға көмектеседі. Бұл күннің соңындағы жаттығу болса да, көп ұзамай оның күшті әсері тұтастай адамның өмірін өзгерте бастайды. Сондықтан бұл жаттығуларды өмір бойы жасағанда ғана көп жақсы нәтиже аласыз.
Таңертең тұрғаннан бастап кешкі тізімге қосу үшін жақсы нәрселерге назар аудара бастайсыз. Көршіңізбен жылы амандасу, жағдайын сұрау. Қоғамдық көлікте үлкен адамға көмектесу. Бұның бәрі сіздің тізімге енетін жақсы істер. Осылайша, сіз өзіңізді қиындықтар мен қауіп-қатерге ғана емес, сонымен қатар жақсы нәрселерге де назар аударуға үйретесіз.
«Үш жақсы нәрсе» стратегиясынан кейін жағымды істер мен жақсы адамдар айналаңызда өте көп екенін қысқа уақыт ішінде сезіне бастайсыз. Мысалы, «бүгін жолдасым бірге тосын түскі ас ішуге шақырды. Ол үнемі алдынан өтетін, бірақ ешқашан бармаған кафеге баруды ұсынды»; «қыс мезгілі болса да, менің сары-қызыл далия гүлдерімнің кешегіден де көп гүлдеп тұрғанын көріп, риза болдым»; «АҚШ-қа электронды пошта арқылы психологиялық зерттеулер туралы сұраған ғалым бір сағат ішінде жауап беріп, маған өте пайдалы екі журнал мақаласын жіберді».
Жаттығуларды бастағаннан кейін үш жақсы нәрсенің, істің, әрекетті миыңызға тіркеп қою әдетке айналады. Өмірде болатын қиын кезеңдерде оң оқиғалар тізбегін табу қиын болатыны рас. Бірақ бұл сіздің өміріңізді өзгертпейді. 2021 жылы жүргізілген зерттеулердің мета-анализі «үш жақсы нәрсенің» адамдар депрессиядан зардап шеккенде де тиімді болатынын көрсеткен.
Көптеген адамдар бұл әдістің Covid-19 пандемиясына байланысты ең ұзақ карантиндерден өтуге көмектескенін айтады. Үйден шықпай отырғанда күні бойы жақсы істердің тізімін жасау оңай болмаған. Дегенмен жақындармен қарым-қатынасты жақсарту, бірге фильм көру, оны талдау, жергілікті саябақта серуендеу мен үйде дайындалған дәмді асқа толы дастарқанда барлық отбасы мүшелерімен көңілді өткізу де жақсы істердің басында тұратыны түсінікті ғой.
Бүгінгі мақаламыздан шығатын маңызды қорытынды біреу
Әрбір адамның өмірінде жақсылық пен көңілсіз жағдайлар, қиындықтар бірге жүреді. Солардың ішінен тек жақсы істерді теріп алуға үйрену, жақсы істерді көбірек байқау қиындықтарды жеңуге көмектеседі. Жаңа жылда өміріңізде жақсы өзгерістер мен жақсы істер көп болсын!
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.