Семей қаласындағы мұғалімнің құлауы: Облыстық білім басқармасы мәлімдеме жасады

Қызметтік тексеріс нәтижесінде Семей қаласындағы үш мектептің мұғалімдері жаңажылдық шыршаны безендіру жұмысына заңсыз тартылғаны анықталды. Олардың арасында №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев жарақат алған.

Семей қаласындағы жағдай бойынша мұғалімдердің заңсыз жұмысқа тартылуы тексерілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Абай облысы Білім басқармасының хабарлауынша, сенбі күні сағат 15:00-де облыс әкімінің төрағалығымен Семей қаласындағы қайғылы жағдайға байланысты жедел жұмыс кеңесі өтті. Кеңес барысында Білім басқармасына қызметтік тексеріс жүргізу, ал Денсаулық сақтау басқармасына зардап шеккен мұғалімді тәулік бойы бақылауға алу тапсырылды.

Қызметтік тексеріс нәтижесінде Семей қаласындағы үш мектептің мұғалімдері жаңажылдық шыршаны безендіру жұмысына заңсыз тартылғаны анықталды. Олардың арасында №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев жарақат алған.

"Бұл жағдай Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңына қайшы келеді, себебі педагогтерді өздерінің тікелей міндеттерінен тыс жұмыстарға тартуға тыйым салынған. Қазіргі уақытта зардап шеккен мұғалімге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл мәселе облыс басшылығының ерекше бақылауында. Қызметтік тексеріс нәтижелері бойынша Семей қаласындағы үш мектептің директорына қатаң тәртіптік шара қолданылды. Қалалық білім бөлімі басшысы қызметінен босатылды", – делінген ақпаратта.

Болашақта осындай жағдайларға жол бермеу мақсатында білім беру ұйымдарына заң талаптарын қатаң сақтау туралы тапсырма беріліп, бақылау күшейтіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Семейде шыршаны безендіріп жатып құлаған мұғалімге қатысты пікір білдіріп, бұны заң бұзушылықтың айқын көрінісі деген болатын.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.