Жолсеріктер ісінде әке де айыпты
Жолсеріктер ісінде әке де айыпты
236
оқылды
Әйел зорлағаны үшін сотталған «Тальго» жолсерігінің әкесіне Нұр-Сұлтан қаласында сот үкімі шықты. Қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, жәбірленуші «Таль­гоның» екі жолсерігінің бірінің әкесінің, екіншісінің зайы­бының өзіне жала жапқаны үшін оларды жауапқа тарту жөнінде шағымданған. «Тальго» пойызының жол­серіктері өзін зорлағаны туралы қылмыстық іс бойынша жеке айыптаушы, сотталушының әкесі С.Құрманиязов пен екінші сот­талушының зайыбы А.Төра­лие­ваны блогерлермен сұхбат кезінде пойыз жолсеріктерінен ақша талап етті деген жалған мәлімет таратқаны үшін айыптап отыр» делінген хабарламада. Аталған сұхбат YouTube-те жарияланған. Қалалық соттың баспасөз қыз­меті таратқан хабарға сү­йенсек, жәбірленуші материал­дық емес шығын үшін 15 млн тең­ге көле­мінде өтемақы талап ет­кен, со­нымен қатар блогерден YouTube-те жарияланған бейне­материал­ды алып тастап, онда­ғы ақпаратты теріске шығаруын сұраған.
Соттың үкімімен С.Құрма­ния­зовқа (сотталған жолсеріктің әкесі) бұқаралық ақпарат құрал­дары арқылы жеке айыптаушы­ның ар-намысы мен қадір-қа­сиетін қорлайтын жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 130-бабы 2-бөлігі бо­йынша пробациялық бақылау ор­натумен алты айға бас бостан­дығынан шектеу жазасы кесілді.
Сонымен бірге сот сотталу­шыға жәбірленушіге келтірілген моральдық шығын үшін миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуді міндеттеді. Осы үкім негізінде екінші сотталушы жолсеріктің әйелі А.Төралиева Қылмыстық кодекстің 130-бабы 2-бөлігі бо­йынша қылмыстық құқықбұзу­шылық жасағаны үшін кінәлі емес деп танылып, қылмыс құ­рамында жоқтығы үшін ақталды. Баспасөз қызметінің хабар­лауынша, істі шешу кезінде сот жарияланған бейнеролик бо­йынша психологиялық және физиологиялық зерттеулердің нәтижелерін ескерді. Сотта С.Құрманиязов өзінің видеода­ғы айтқанын жарамсыз деп танып, мойындаған. Айта кетейік, жолсеріктің әкесі С.Құрманиязов YouTube-те жарияланған сұхбатта жәбір­ленуші әйел «К» екі жолсеріктен 2 миллион теңгеден ақша талап етіп отыр деп айтқан болатын.
Ал екінші сотталушы жол­серіктің зайыбы А.Төралиеваға қатысты сот оны сотталушы кү­йе­уінің сөзіне сеніп, жалған ­ақ­па­рат берген деп тапты. Істі ­тек­серу барысында ол айтқан ақ­параттың жалған екенін білмейтіні анықталған. Осы­лайша, жәбірленушінің А.Тө­ралиеваға қатысты азаматтық ісі қараусыз қалдырылып, ол ақталды.
«Блогерге байланысты оның интернет-ресурста орнала­сты­рылған бейнематериалын алып тастау және теріске шығарып жариялау туралы шағым қараусыз қалды, өйткені қылмыстық про­цесте қылмыстық құқықбұзу­шы­лықтың тікелей келтірген залалы туралы азаматтық-құқықтық та­лап-арыздар қаралады», – деді баспасөз қызметі. Еске сала кетейік, жәбірле­ну­ші азамат 2018 жылдың 26 қыр­күйегінде «Талго» пойызының екі жолсерігі өзін зорлады деп поли­цияға шағым түсірген болатын. Оқиға жас келіншек елордадағы ғылыми конференциядан Ақтө­бедегі үйіне «Тальго» пойызымен қайтып келе жатқанда болған. Оның айтуынша, жолсеріктер түнде ол жатқан купенің есігін өздеріндегі кілтпен ашып, зорлық жасаған. Жолсеріктер өз кінәсін мойындамады. Қостанай қалалық №2 со­тының үкімімен Жетес Үм­бетә­лиев пен Қолқанат Құрманиязов Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот айып­талушылардың әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айы­руға үкім шығарды.   Бауыржан БАЗАР