Әйел зорлағаны үшін сотталған «Тальго» жолсерігінің әкесіне Нұр-Сұлтан қаласында сот үкімі шықты. Қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, жәбірленуші «Тальгоның» екі жолсерігінің бірінің әкесінің, екіншісінің зайыбының өзіне жала жапқаны үшін оларды жауапқа тарту жөнінде шағымданған. «Тальго» пойызының жолсеріктері өзін зорлағаны туралы қылмыстық іс бойынша жеке айыптаушы, сотталушының әкесі С.Құрманиязов пен екінші сотталушының зайыбы А.Төралиеваны блогерлермен сұхбат кезінде пойыз жолсеріктерінен ақша талап етті деген жалған мәлімет таратқаны үшін айыптап отыр» делінген хабарламада. Аталған сұхбат YouTube-те жарияланған. Қалалық соттың баспасөз қызметі таратқан хабарға сүйенсек, жәбірленуші материалдық емес шығын үшін 15 млн теңге көлемінде өтемақы талап еткен, сонымен қатар блогерден YouTube-те жарияланған бейнематериалды алып тастап, ондағы ақпаратты теріске шығаруын сұраған.
Соттың үкімімен С.Құрманиязовқа (сотталған жолсеріктің әкесі) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеке айыптаушының ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 130-бабы 2-бөлігі бойынша пробациялық бақылау орнатумен алты айға бас бостандығынан шектеу жазасы кесілді.Сонымен бірге сот сотталушыға жәбірленушіге келтірілген моральдық шығын үшін миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуді міндеттеді. Осы үкім негізінде екінші сотталушы жолсеріктің әйелі А.Төралиева Қылмыстық кодекстің 130-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі емес деп танылып, қылмыс құрамында жоқтығы үшін ақталды. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, істі шешу кезінде сот жарияланған бейнеролик бойынша психологиялық және физиологиялық зерттеулердің нәтижелерін ескерді. Сотта С.Құрманиязов өзінің видеодағы айтқанын жарамсыз деп танып, мойындаған. Айта кетейік, жолсеріктің әкесі С.Құрманиязов YouTube-те жарияланған сұхбатта жәбірленуші әйел «К» екі жолсеріктен 2 миллион теңгеден ақша талап етіп отыр деп айтқан болатын.
Ал екінші сотталушы жолсеріктің зайыбы А.Төралиеваға қатысты сот оны сотталушы күйеуінің сөзіне сеніп, жалған ақпарат берген деп тапты. Істі тексеру барысында ол айтқан ақпараттың жалған екенін білмейтіні анықталған. Осылайша, жәбірленушінің А.Төралиеваға қатысты азаматтық ісі қараусыз қалдырылып, ол ақталды.«Блогерге байланысты оның интернет-ресурста орналастырылған бейнематериалын алып тастау және теріске шығарып жариялау туралы шағым қараусыз қалды, өйткені қылмыстық процесте қылмыстық құқықбұзушылықтың тікелей келтірген залалы туралы азаматтық-құқықтық талап-арыздар қаралады», – деді баспасөз қызметі. Еске сала кетейік, жәбірленуші азамат 2018 жылдың 26 қыркүйегінде «Талго» пойызының екі жолсерігі өзін зорлады деп полицияға шағым түсірген болатын. Оқиға жас келіншек елордадағы ғылыми конференциядан Ақтөбедегі үйіне «Тальго» пойызымен қайтып келе жатқанда болған. Оның айтуынша, жолсеріктер түнде ол жатқан купенің есігін өздеріндегі кілтпен ашып, зорлық жасаған. Жолсеріктер өз кінәсін мойындамады. Қостанай қалалық №2 сотының үкімімен Жетес Үмбетәлиев пен Қолқанат Құрманиязов Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот айыпталушылардың әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Бауыржан БАЗАР