«Болашақ» түлегі Түркістанда интерактивті әдістерді қолдана отырып химия пәнінен сабақ береді

Мақсаттарыңызды анықтап, қызығушылықтарыңызға қарай әрекет етіңіз. Ғылым – бұл тек мансап қана емес, бұл әлемнің болашағына қосқан үлесіңіз.

Мұғалім болу – бұл шынымен де рухты баурайтын кәсіп. Әркімнің қолынан келе бермейді. Кәсіби маман, ғалым болу – бір бөлек, ал өз білімін жеткізу мүлдем басқа қабілет. Әркімге бұйырмайтын бұл қабілет Нұрболаттың бойынан табылады. Бар болғаны 24 жасында ол ерекше оқыту әдістерімен оқушыларды да, әріптестерін де таңғалдырып жүр.

Химия сабақтары көбіне күрделі әрі түсініксіз болып көрінетін. Химия сабақтары қызықты болатын кездер – мұғалім әртүрлі эксперименттер көрсеткен сәттер. Мысалы, мырыш пен тұз қышқылын қосу арқылы сутегі алуға болатын реакцияларды көргенде барлығымыз қызығып қарайтын едік. Бірақ мұндай эксперименттерді сирек көрсететін. Көбіне біз дәріс тыңдап, есеп шығарып, валенттілікті есептейтінбіз. Шынын айтқанда, химияны сыныпта түсінетін оқушы өте аз болатын. Алайда, Нұрболат бұл үрдісті түбегейлі өзгертті.

Химия сабағындағы детективтер мен атомдық энергия 

Елестетіп көріңіз: оқушылар криминалистке айналып, аналитикалық химия әдістерімен «қылмыс орнының дәлелдерін» зерттейді. Немесе радиохимия мәселелерін дебат форматында талқылайды. Нұрболаттың сабақтары – ғылыми жұмбақтарды шешуге бағытталған қызықты квесттер.

«Мен үшін химия – бұл тек теория емес, шабыт көзі болуы маңызды. Сондықтан сабақты кейіпкер рөлі арқылы өткіземін, эксперименттерді интерактивті форматта ұсынамын, атом энергетикасы, химиядағы ғалымдар, радиохимия тәрізді тақырыптарды дебат, шоу бағдарлама немесе жаңалықтар форматында өткіземін. Бұл әдіс оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, ғылыми ұғымдарды нақты өмірмен байланыстыруға мүмкіндік береді», – дейді Нұрболат.                    

Уорик университеті: ой-өрісті кеңейту 

Бұл тәсілдер текке пайда болған жоқ. Нұрболаттың ерекше оқыту тәсілдері оның халықаралық білім мен тәжірибесінен бастау алады. 2022 жылы ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша Уорик университетінде магистратураны тәмамдап, пәнаралық зерттеулер жүргізу, аналитикалық ойлау және ғылыми жаңалықтарды жүйелі түрде жеткізу дағдыларын меңгерді. Университеттегі дәрістер мұражайларда, орманда, тіпті BBC студиясында өткен. Бұл тәжірибе оның оқыту әдісін дамытуда үлкен рөл атқарды.

«Біз Англия, Нигерия, Қытай және Түркия азаматтарымен бірігіп, химия саласында ғылыми зерттеу жасадық. Зерттеу нәтижесінде біз теңіз өсімдіктері мен жәндіктеріне зиян келтірмейтін күннен қорғайтын органикалық крем жасап шығардық. Кремнің теріге әсерін зерттеу үшін оны биолог мамандарға, ал аналитикалық есептеулер жүргізу үшін математик мамандарға біздің өнімдер тапсырылды. Бұл практикум – ғылымның әртүрлі салаларын тоғыстыра зерттеу - Англияның практикасында сапалы қалыптасқан екен», – дейді ол.

NIS және болашақ ғалымдарды дайындау 

Нұрболат қазір Назарбаев Зияткерлік мектебінде (НЗМ) химиядан сабақ береді. Ол оқушылардың ғылыми зерттеулер жүргізуіне, олимпиадаларға дайындалуына жетекшілік етеді.

«NIS бағдарламасы Кембриджбен бірлесіп әзірленіп, НЗМ мектептері CIS аккредитациясынан жүйелі түрде өтіп отыратындықтан, бұл мектептердегі білім беру сапасы әрқашан жоғары деңгейде. Бұл жерде жұмыс істеу мен үшін үлкен жауапкершілік әрі қуаныш, себебі оқушылардың ғылыми қызығушылықтарын арттырып, олардың болашақтағы жетістіктеріне өз үлесімді қосуға мүмкіндік береді», - деп бөліседі Нұрболат.

Оқыту мен зерттеулердің үйлесімі 

Ғылыми жұмысты оқытумен үйлестіру оңай емес, бірақ Нұрболат бұл тепе-теңдікті табуда табысты. Ол ғылыми зерттеулерге белсенді қатысады, ал бос уақытында саяхаттайды, биыл ол 24 елде болды. 

«Оқыту маған өз тәжірибеммен бөлісуге және жаңа буын ғалымдарын шабыттандыруға мүмкіндік береді, ал зерттеулер менің сабақтарыма жаңа тәсілдер мен идеяларды табуға көмектеседі», – дейді Нұрболат. Ол сонымен қатар докторантурада оқуды жалғастыру және оқыту әдістерін дамыту бағытында жұмыс жасауда.

«Биыл 24 жасымда барлығы 24 елді аралаппын. Оның тең жартысын оқуға, тағылымдамаларға және жұмыс іс-сапарларыма байланысты саяхаттаған екенмін. Қорытындылай келе, білім мен еркіндікті іздеген шығармашыл адамға, еш нәрсе кедергі бола алмайтынын айтқым келеді», – дейді ол. 

Қазіргі ғылымды қолдау 

Нұрболат Қазақстанда жас ғалымдарды қолдау деңгейінің жоғары екенін атап өтеді. «Президент бастамасымен іске асырылып жатқан «ғылыми тағылымдамалар» жобасы жас зерттеушілерге жаңа мүмкіндіктер ашуда. Бұл Қазақстанда ғылымның дамуына зор көңіл бөлініп жатқандығының нақты көрінісі. Бұл қолдаулар тек ғылыми қауымдастыққа ғана емес, бүкіл қоғамға да пайдалы болатын жаңа идеялар мен технологиялардың пайда болуына ықпал етеді», – деп есептейді ол.

Осындай заманауи тәсілдері мен таланты арқылы Нұрболат білім беру мен ғылымның болашақ көшбасшысы болуға лайық екені сөзсіз. Химияны оқуды немесе шетелде білім алуды армандайтындарға ол қарапайым әрі шабыттандыратын кеңес береді: «Мақсаттарыңызды анықтап, қызығушылықтарыңызға қарай әрекет етіңіз. Ғылым – бұл тек мансап қана емес, бұл әлемнің болашағына қосқан үлесіңіз».

Дариға БУЛАТ