Нұр-Сұлтан қаласы аумағында коронавирустық инфекцияның тасымалдап әкелінуі анықталып жатқан жағдайда профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру жайында арнайы брифинг өтті. Бас қаладағы барлық медициналық ұйымдардағы іс-қимыл тәртібі, сондай-ақ қауіпсіздік шаралары мен астанадағы азық-түлік қоры туралы айтылып, алдағы жоспар барысы баян етілді.
Кешенді іс-шаралар жүргізілуде
Инфекцияның алдын алу мақсатында арнайы штаб құрылып, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша эпидемияға қарсы профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ведомствоаралық кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Осыған орай, қаладағы барлық медициналық ұйымдардағы медициналық персоналдың іс-қимыл тәртібі, сондай-ақ қауіпсіздік шаралары туралы семинарлар, жаттығулар өткізіліп, медициналық ұйымдар дәрі-дәрмектермен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілген.– Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары арасында коронавирус жұқпасының таралуын болдырмау мақсатында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы эпидемияға қарсы режимді сақтау бойынша бірқатар іс-шараларды жүргізуде. Біз Қытай және Оңтүстік Корея сияқты елдердің халықаралық тәжірибесін, дәлірек айтқанда, олар коронавирусқа қарсы күресте қолданған шараларын зерттедік, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова. Оның айтуынша, коронавирустық инфекцияны диагностикалау үшін және кейінірек зертханалық расталған инфекцияны тіркеу кезінде жеке аурухана қаладан тыс бөлек ғимаратта орналасқан. Коронавирус диагнозын қою кезінде науқастардың жағдайына байланысты 4 деңгейге бөлінеді, яғни жағдайы «жеңіл», «орташа» және «ауыр» деп саналатын емделушілер, сондай-ақ үйде карантинге жатқызылған науқастар. Сондай-ақ жалпыға ортақ жауапкершілік мақсатында қарапайым ережелерді қаперде ұстау керегін баса ескертті. Мәселен, қызба, жөтел сияқты клиникалық белгілер байқалған уақытта үйде болып, Call-орталыққа қоңырау шалып, кеңес алу немесе жедел жәрдем шақыру қажет.– 2020 жылдың 28 қаңтарынан 13 наурызына дейін орналастырылған уақытша ауруханада 600-ден астам адам медициналық бақылауда болды. Барлық адам зертханалық тексерістен өтті. Кореяда пациент симптомдар бойынша емханаға өз бетінше барған. Кейіннен оны толық дезинфекциялау үшін жұмысын тоқтата тұруға мәжбүр болған жағдайлар болды. Медициналық персонал және бірге кезекте тұрған басқа пациенттер карантинге алынды, – деді Сәуле Қисықова. Тағы бір айта кетерлігі, дүйсенбіден бастап мектеп оқушылары үшін сабақ тоқтайды, әйтсе де балабақшалар жұмыс істей береді. – Ата-аналар балаларын қалдыра алатын жер болса балабақшаға апармағаны абзал. Бірақ бұл шектеу емес, тек кеңес ретінде айтып отырмыз. Мектепке дейінгі мекемелер мен балабақшалар да дезинфекциялау жұмысы, сол сияқты медициналық бақылау күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр, – деді басқарма басшысы.
100 мың маска жеткізіледі
Бұдан бөлек брифингте маскалар мен дезинфекциялау құралдарының жетіспеушілігі туралы да айтылды. Қазір Үкімет маскаларды экспорттауға толығымен тыйым салу шараларын қабылдап және тапшылықты толтыру үшін бүкіл ел бойынша маска шығаруды бақылауға алып отыр. Сондай-ақ қалалық емханаларға телефондар мен медициналық бақылау штабы орналастырылған, олар коронавирустық инфекцияның таралу санатын ескере отырып, қауіпті деген елдерден келген адамдарды үйде тексеруден өткізеді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Call-орталығы жұмыс істейді – 1406.– Қалада арнайы күшейтілген санитарлық режимі қабылданып, коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Медициналық персонал іс-қимыл алгоритмімен, инфекцияның берілуінің алдын алу немесе шектеу стратегиясымен оқытудан өтті. Осы ауруда бар деректерді және қоздырғыштың берілу ерекшеліктерін ескере отырып, жеке гигиенаның қарапайым ережесін сақтау қажет, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Зекен Исақов. Оның айтуынша, Шымкентте жасалған 100 мың дана маска жеткізіледі деп күтіліп отыр.
Азық-түлік қоры жеткілікті
Ал азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, оларды тікелей жеткізу мәселесі өңірлермен пысықталған. Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін жеткізуде үзілістер жоқ. Қаланың сауда желілері мен қоймаларындағы қорлар жеткілікті мөлшерде сақталған.– Бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тапшылығы туралы сұрақтар туындады. Аптаның басында қала басшылығы қаладағы барлық сауда желісі өкілдерімен жиналыс өткізді. Бүгінгі таңда барлық қоймалар мен бүкіл сауда желісі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қажетті мөлшерімен қамтамасыз етілген. Мұндай дүрлігу әдетте 3-4 күнге созылып барып, тыншиды. Келесі кезекте біз көптеген жылдар бойы келе жатқан, яғни бағаларды тұрақтандыруға және қажетті тауарлар көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін механизм арқылы желілермен жұмыс істейміз. «Магнум», «Астықжан», «Шанхай», «Астаналық», «Евразия» сияқты бөлшек сауда желілерінің қоры жеткілікті. Сондықтан да алаңдауға негіз жоқ, – деді «Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаев.Бүгінде Қазақстанда, атап айтқанда Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясы тіркелмеген. Медициналық қызметкерлер үшін дәрі-дәрмектерге, медициналық мақсаттағы бұйымдарға және жеке қорғаныс құралдарына деген қажеттілік Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен пысықталып әзірленуде. Елорда тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтау үшін инфекцияның әкелінуіне жол бермеу үшін: – білім беру, денсаулық сақтау, жаппай болу және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде санитарлық-дезинфекциялық режим күшейтілді; – қоғамдық көліктердің, қоғамдық көлік аялдамаларының санитарлық жағдайын бақылауды күшейту; – кейбір жағдайларда, қолайсыз эпидемиологиялық жағдайы мен байланысы бар елдерден келген адамдарды ауруханаға жатқызу және оқшаулау туралы шешім қабылдаған кезде, полиция бөлімшесі, атап айтқанда, КВИ-де байланыстарды іздеуге және карантинге қатысуға тартылады (медициналық бақылаудағы адам режимді бұзған жағдайда). Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 667-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған). Нұр-Сұлтан қаласындағы орта білім беру мекемелерінде (мемлекеттік және жекеменшік мектептер) вирустың алдын алу мақсатында 2020 жылдың 16 наурызынан 4 сәуіріне дейін оқушыларға демалыс жарияланды. Қосымша білім беру ұйымдары да демалыс уақытында жұмысын тоқтатады. Осы уақыт ішінде колледж студенттері қашықтықтан оқытылатын болады. Сондай-ақ балабақшалар жұмыс істейді. Ата-аналарға мүмкіндік болса, балаларды үйде қалдырған жөн. Алтынбек ТОЛЫМБЕКОВ, Нұр-Сұлтан