Оңтүстік Кореяда ұшақ апатқа ұшырады, қаза тапқандардың ішінде қазақстандықтар жоқ

Апат салдарынан ұшақ айтарлықтай зақымданды, өрт шықты.

Оңтүстік Кореядағы Муан әуежайында Jeju Air әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады, – деп хабарлайды Aykin.kz.

Оқиғаның бейнежазбасынан МBC News лайнерінің қону кезінде ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, қоршауға соғылғаны байқалады.

Оңтүстік Кореядағы ұшақ апаты таңғы сағат 9:07-де (Астана уақыты бойынша 5:07-де) болды. Бортта 175 жолаушы мен алты экипаж мүшесі болды, олар Бангкоктен оралған. 

Апат салдарынан ұшақ айтарлықтай зақымданды, өрт шықты. Кейін төтенше жағдайлар қызметі өртті сөндіріп, іздеу-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Жолаушылар арасында Оңтүстік Кореяның 173 азаматы және Таиландтың 2 азаматы болғаны анықталды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес лайнер қону кезінде құстармен соқтығысқан.

ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың сөзінше, алдын ала мәліметтер бойынша ұшақ бортында қазақстандықтар болған жоқ.