Ақтаудағы ұшақ апаты: Министр халықаралық сарапшылармен кеңес өткізді

Көлік министрлігіне қарасты комиссияны Марат Қарабаев басқарады.

Қазақстанның Көлік министрі Марат Қарабаев Баку-Грозный бағытындағы ұшақ апатын тергеу үшін Қазақстанға келген 17 халықаралық сарапшымен кеңес өткізді, – деп хабарлайды Aykin.kz.

Министрлікке қарасты бұл комиссия Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын Үкіметтік комиссияның құрамына кіреді.

ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, комиссияның басты мақсаты – оқиғаның себебін анықтап, болашақта осындай жағдайдың алдын алып, болдырмау үшін ұсынымдар әзірлеу.

"Бүгін Марат Қарабаевтың төрағалығымен штабта барлық 17 халықаралық сарапшының қатысуымен жиналыс өтті. Комиссия жұмыс жоспарын нақтылады. Комиссия оқиға орнына толық құраммен бірге барып, апатқа ұшыраған әуе кемесінің элементтері жиналатын арнайы ангарды қарайды. Әуе кемесінің элементтерін жинайтын күн бірлесе бекітіледі", – деп жазылған хабарламада.