Оралда 15 алкомаркет лицензиясынан айырылды. Бұл туралы БҚО Прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Умаргалиев айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
БҚО Прокуратурасында өткен жиында қылмыстың басым бөлігі ішімдік ішкеннен болатыны айтылған.
Сол себептен прокуратура өкілдері полициямен бірлесіп, түнгі уақытта ішімдіктің заңсыз сатылуына тыйым салуды көздеп отыр.
– Орал қаласында таңғы уақытта алкогольдік өнімдерді сататын және жеткізетін 40 алкомаркет бар. Прокуратура мен полиция бірлесіп өткізген рейдтік шаралардың нәтижесінде облыс орталығындағы 40 алкомаркеттің 15 лицензиясын 1 айға айыра отырып, әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Қазір рейдтік іс-шаралар жалғасуда. Қабылданған шаралар нәтижесінде соңғы айда мас күйде жасалған қылмыстарды азайтуына әсер етті, яғни 11 айда қылмыстардың саны 22% болған, ал бүгінгі күні 17%-ға төмендеді, – деп атап өтті БҚО Прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Умаргалиев.
Жиын соңында қылмыстың алдын алу және түнде алкогольдің сатылуын болдырмау мақсатында облыстық прокуратура мен «Yandex» «Volt» және «InDrive» интернет-қосымшаларының басшыларымен түнде алкогольдік өнімдерді жеткізуге және сатуға тыйым салу туралы меморандумға қол қойылды.