Маска-шоу жалғасады
Маска-шоу жалғасады
Қарапайым медици­налық маска Covid-19 ви­русынан қорғай алмайды. Халық осы ресми мәлім­демеге сенбей, бәрібір хи­рургиялық маскаларды бума-бумасымен сатып алуын жалғастыруда. Осы­ны пайдаланған алып­сатарлар арзанқол өнімді қымбат бұлдап жатыр. Елордадағы дәріханаларда осы тауар қайта пайда болды, бірақ бұрын әр данасы 15-25 теңге ғана тұрған оның бағасы енді 120-дан 250 теңгеге дейін жетті. Халықтың маска сатып алма­сына шарасы жоқ. Себебі бірқатар жұмыс берушілер өз қызмет­кер­лерінен кеңсеге, жұмыс орнына онсыз келмеуді талап етуде. Кейбір бизнес орталықтарында төмендегі күзетке маскасы жоқ жанның жоғары көтерілуіне тосқауыл қою тапсырылған екен. Оның үстіне, басқа қорғаныш таппаған қазақ­стандықтар ең құрығанда осы «шү­берек» көме­гімен тыныс жол­дарын қорғауға тырысып жатыр. Медициналық маскалардан пайда-қайыр шамалы екенін мәлімдегенімен, Үкімет бұқараға одан өзге қорғаныш құралын, басқа баламаны жаппай ұсына алмасын түсінетіндей. Содан болса керек, Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау коми­тетінің бастамасымен билік биыл­ғы 20 ақпаннан бастап маскалар­ды шетелге экспорттауға тыйым сал­ды. Оны елемей, тауарын Қы­тай­ға, өзге елдерге жеткізгісі келген кәсіпкерлер жазалануда. Бұдан бөлек, отандық кәсіп­керлерге медициналық маска өнді­рісін арттыру жүктелген. Мы­салы, Алматы қаласының Кә­сіп­керлік және инвестициялар бас­қармасының басшысы Еркебұлан Оразалин коронавирус инфек­циясының елімізде таралуына байланысты маскалар мен анти­септикалық құралдар өндірісі ұлғаятынын мәлім етті. Оның айтуынша, жаңадан сатып ала­тын жабдық арқасында енді айына 8 миллион данаға дейін маска шығарылатын болады. Әйтпесе, бұған дейін осы өнімді жасайтын отандық компания­лардың өндірістік қуаттылығы айына 3 млн дананы ғана құрапты. Салдарынан, әсіресе Алматы тұрғындары бұл тауарды таппай, сең соққан балықтай сенделді. Е.Оразалин кәсіпкерлерге шикізат сатып алуы үшін айна­лым­дық қаражат берілетінін ха­барлады. Оның байламынша, бұл өнімнің тұрақты жеткізілуіне, нарықтың молығуына, дүрбе­леңнің басылуына ықпал етуі тиіс. Ел Үкіметі әкімдіктерге маска жасайтын компаниялармен және оны шетелден импорттаушы ірі жеткізушілермен қоян-қолтық жұмыс істеуді жүктеген екен. Сондай-ақ антисептикалық құралдар, санитайзерлер өнді­ре­тін компанияларға да қаржылай көмек көрсететіні жария етілді.   Айхан ШӘРІП