170 000 көлікті бір жылда тіркеп үлгере ме?
170 000 көлікті бір жылда тіркеп үлгере ме?
153
оқылды
Арменияда тіркеуде тұрған автокөлікті мініп жүр­ген қазақстандықтар ма­шинасын Қазақстанда қайта тіркеуден өткізуге асығар, дұрысы, дайын емес. Оның бірнеше себебі бар. Бұл туралы таяуда Премьер-Министр Асқар Маминнің сенаторлар са­уалына орай берген жауа­бында айтылды. Асқар Ұзақбайұлының ай­туын­ша, армениялық және өзге де ше­тел­дік автокөлік ие­лері елге кір­гі­­зіл­ген көлік­тер­­дің тех­ни­ка­лық жағ­­дайы­на қа­рамастан түгел заңдас­ты­рып беруді сұрап отыр. Бірақ мұн­дай ұсы­ныстар тек Қазақстанның заңна­ма­сына ғана емес, ЕАЭО мүше басқа да ел­дердің мүд­десіне әсер етеді. «Менің же­тек­­шілігіммен 2020 жыл­дың 28 ақпанында осы мә­селені қолда­ныстағы заң­на­маны, мем­­лекет­тік бюджет пен көлік ие­ле­рі­нің мүд­делерін ес­кере отырып шешу жолдарын әзір­леу бойынша жи­налыс өтті», – деді Үкімет бас­шысы. Осыған орай, мемлекеттік орган­дарға бастамашыл топтармен диалог құруды жалғастыру, сонымен қатар рұқсат етілмеген акциялар өткізуге жол берілмейтінін тү­сін­діре отырып, ақпарат беру жұ­­мыс­тарын күшейту тап­сы­рылған. Сенат депутаттарының са­уалына қатысты жауабында Ас­қар Мамин көлік иелерінің ма­шиналарын тіркетуге дайын бол­мауының негізгі себебін жеке-жеке атап көрсетті. Сонымен: – бастапқы тіркеу үшін тө­ленетін алым сомасының жо­ғарылығы (автокөліктің жасы­­на байланысты, 663 теңгеден 1 325 500 теңгеге дейін); – 2021 жылдың 1 наурызына дейін төленуі тиіс утилизациялық алым көлемінің жоғары болуы (қозғалтқыш көлеміне қарай, 397 650 теңгеден 3 048 650 теңгеге дейін); – елге кіргізілген автокө­лік­терге салынатын кедендік баж салығындағы айырмашылықты төлеу қажеттігі (әр көлік үшін жеке есептеледі); – машиналардың Кедендік одақтың техникалық регла­мен­тіне сай болмауы (белсенділер шетелдік көліктердің 80 %-ның талапқа сай емесін мойын­даған).  

ЕКІ ЕЛ КӨЛІК МӘСЕЛЕСІНДЕ КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ

Айта кетейік, Армения Еура­зиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекет болға­нымен одақтан тыс елдерден автокөлік кіргізу бойынша бір­шама жеңілдікке ие болып келді. Аталған «жеңілдік» 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшін жойды. Десе де, осы уақытқа дейін шетелден мінілген машина импорттап, оны ЕАЭО нарығына сату  Арменияның бюджетіне қомақты түсім түсіргені анық. Мәселен, армяндар былтыр 189 000 автокөлік импорттаса, 2018 жылы ол көрсеткіш 64 000 болыпты. Оны кедендік рә­сім­деудің өзінен мемлекет қазына­сына 200 млн доллар (95 млрд драм) құйылыпты. Арменияның Статистика комитетінің мәлі­метіне сүйенсек, 2019 жылы ел­дегі елу мыңдай жұмыссыз адам автокөлік импорты мен қайта сату саласында нәпақасын тап­қан. Ресми деректі сөйлетсек, жұмыссыздық 17,5%-дан 13%-ға түсіпті.    width= Ал Қазақстан керісінше, кедендік салықтан түсетін 170 млн доллардай түсімнен қа­ғылған. Өйткені ресми статис­тика Армения мен Қырғыз Рес­публикасынан біздің елге 170 мың автокөлік кіргенін рас­тай­ды. Оған қоса, шетелдік нөмір­мен жүрген көліктер жол ере­жесін бұзса, айыппұл төлеуден құтылып кетіп жүрді. ІІМ Әкім­шілік полиция комитетінің мәліметінше, ондай автокөлік­тердің қатысуымен 60 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 132 адам қаза тапқан, 500 мың­нан аса жан жарақат алған. Алайда қылмысқа қатысы бар жүргізушілерді табу қиынға ай­налды. Көшедегі қаптаған каме­ралар оларды жазып алғанымен, ол көліктер біздің елде тіркеуде емес. Дегенмен ендігі уақытта мұндай мәселе туындай қоймас. Жыл басында Қазақстан мен Арменияның өкілдері аталған тақырып бойынша, келіссөздер жүргізген болатын. Нәтижесінде көлік құралдарының Армения аумағынан Қазақстан аумағына жеткізілуін реттеу, тиісті ақпа­ратпен бөлісу бойынша екіжақты келісімнің ортақ хаттамасына қол қойылды. «Ішкі істер ми­нистрлігі Қазақстан азаматтары­ның, сонымен қатар Арменияда уақытша тұрып жатқан тұлға­лардың атына тіркелген 22 441 автокөлік бойынша мәлімет ал­ды. Қазіргі уақытта Арменияның құзыретті органдары «жеңілдікке ие» автокөліктерді тек өз елінің аумағында қолданылуын және олардың ЕАЭО құрамындағы басқа елдерге өтіп кетпеуін қам­тамасыз ету үшін көлік құрал­дарының шетел азаматтарына тіркелуін қадағалау шараларын күшейтті», – деді Премьер-Министр А.Мамин.  

КІРГЕН КӨЛІКТІ ЗАҢДАСТЫРУ ҚАЛАЙ ШЕШІЛМЕК?

«Бір ағашта екі алма, мен де алмайын, сен де алма» дегендей, бір одақтағы екі елдің арасындағы түсінбеушілік мәселесі реттел­гендей. Әйтсе де, ендігі проблема елге кірген 170 000 автокөлікті заң­дастыру. Таяуда, Үкімет бас­шысы А.Мамин қазіргі уақытта Қазақстан тарапынан Ресеймен шекаралас аймақтарға шетелдік нөмірдегі көліктерді қолдану бойынша түсіндіру шараларын жүргізу мақсатында 13 полиция бекеті орнатылғанын хабарлады. Биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 5,5 мыңға жуық ел азаматы шетелдік көліктерге қатысты кеңес алған. Бірақ көлік иелеріне берілген кеңес мәселені шешпесі анық. Барлық проблема автокөлікті тір­кеуге қоюға қажетті қаржы­ның қалтаға салмақ салуында болып тұр. Заңға талаптары бо­йынша елімізге шетелден кірген автокөлікті уақытша тіркеу үшін алдымен бастапқы алымды тө­леуге міндетті боласыз. Оның мөлшері Салық кодексінде көр­сетілгендей көліктің шыққан жылына байланысты. Мәселен, 3 жыл болған машинаға бастапқы алым төлемі – 50 АЕК (132 550 теңге), үш жылдан асқан көлікке 500 АЕК (1 325 500 теңге) қа­рас­тырылған. Техрегламент пен SOS батырмасы сертификаты 300 мың теңгенің айналасында. Оған қоса, «темір тұлпарыңыз» Еуро-5, жоқ дегенде Еуро-4 стан­дар­тына сай болуы керек. Ал еуро­стандарттардан өтті деген сер­тификат құны – 250 мың теңге. Мысал үшін алғанда, 2007 жылғы Lexus RX 350 автокөлігінің өзі Еуро-4 стандартына ғана ілігеді. Бұл өлшемдермен алғанда сырттан келген көліктің 70%-ға жуығы ескі. Демек, олар тіркеу талабынан өтпеуі де мүмкін. Рас, құзырлы орындар көлік иелеріне бастапқы алымды бір­ден төлеп, «сары» нөмірді алуға болатынын айтып отыр. Яғни, сол нөмірмен бір жыл жүруге рұқсат. Қалған утилизация алы­мы мен кедендік баж алымын 2021 жылдың 1 наурызына дейін төлеуге мүмкіндік жасалған. Дегенмен жоғарыдағы алымдар­ды дәл қазір төлей алмай отыр­ғандар бір жыл ішінде аяқасты байып кетеді деуге сену де қиын. Осылайша, ескі де болса, сапалы көлікке қолы енді жеткен ел дағдарып отыр.   Бауыржан БАЗАР