Қазақстанда есірткіні жасырын орналастырушылардың жазасы жеңілдетілді

Жаза аталған қылмысқа тартылатындардың, яғни есірткіні жасырын орналастырушылардың көбі жасөспірімдер мен жастар болғандықтан, жұмсартылды.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталған заң жобасы «AMANAT» партиясы фракциясының бастамасымен әзірленген болатын, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Заңда есірткіні жасырын орналастырушылардың жазасы аздап жұмсартылды. Мәселен, алғаш рет мұндай қылмыс жасағаны үшін қылмысын ауырлататын мән-жайлар болмаса, мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген (бұрын мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыратын).

Жаза аталған қылмысқа тартылатындардың, яғни есірткіні жасырын орналастырушылардың көбі жасөспірімдер мен жастар болғандықтан, жұмсартылды. Олардың есірткіні өздері дайындамайтыны, көбіне есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушылардың қылмыстық тұзағына түсетіні ескерілді.

Алайда қылмыстық әрекетті бірнеше рет қайталаса, оны мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қатаң жаза күтеді.

Сондай-ақ Заңда білім беру ұйымдарында немесе кәмелетке толмаған адамға қылмыстық топ қатарындағы есірткі таратушы тұлғаларды жазалайтын қатаң үкім сақталды. Олардың мүлкі тәркіленеді және 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Сонымен қатар лауазымды тұлғалардың есірткі таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілігі қатаңдатылды. Бұрын олардың мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылса, енді мүлкі тәркілене отырып, 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.