Президент «Таза Қазақстан» акциясын идеологиялық платформа деп санайды

«Таза Қазақстан» акциясына 3,8 миллионға жуық адам қатысып, 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетінде жарияланған сұхбатында «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алғанын тілге тиек етті.

– Халықтың бұл бастамаға барынша қолдау білдіргеніне тәнтімін. Әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінді. Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайлы қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрі осыны ұстанады.

«Таза Қазақстан» жобасының жүзеге асуына, ең алдымен, әкімдер жауапты. Елді мекендердің тазалығы – тұрмыс сапасының жоғары екенін білдіреді. Мен аймақтарға барғанда қалалардың қалай абаттандырылғанына үнемі назар аударамын. Осы ретте «Таза Қазақстан» идеясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс екенін тағы да қайталап айтамын, –  деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент акция барысында 3,8 миллионға жуық адам қатысып, 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналғанын сөз етті. Сонымен қатар, 3,2 миллионнан астам көшет егілген.