Оқиға орнына арнайы мамандар барған, деп хабарлайды Аikyn.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Құстардың қырылғаны жайында ақтаулық тұрғын Lada.kz басылымына хабарлаған. Ол Rixos қонақүйінің маңында қыдырып жүрген кезінде өлі құстарды байқап қалған. Оқиға 2 қаңтарда болған.
Тұрғынның сөзінше, құстар 500 метр жерде шашылып жатқан.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы оқиға орнына инспекторларды жібергенін хабарлады. Орнитолог Мәлік Нөкісбековтің айтуынша, суреттегі құстар - өңірде ұя салатын ұсақ қарақұйрықтар.
Комитеттің мәлімдеуінше, құстардың жаппай қырылуы тіркелмеген. Дегенмен, Қаракөл көлінде желтоқсан айының соңында Микробиология және вирусология орталығының мамандары зерттеу үшін өлген аққулар мен үйректерден сынама алды. Оның нәтижесі 10 қаңтарға дейін дайын болады. Ведомство өкілдері құстар құс тұмауынан да өлу мүмкіндігін айтты.