Ақтаудағы ұшақ апаты: Бразилия «қара жәшікті» ашуға кірісті

Ақпаратқа сәйкес, «қара жәшіктер» Бразилияға сәрсенбі күні (Баку уақытымен бейсенбі күні) келген.

Бразилия 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған AZAL ұшағының кабинасындағы дыбыс жазу құрылғысын шешуге кірісті. Бұл туралы Report басылымы бразилиялық G1 порталына сілтеме жасап мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ақпаратқа сәйкес, «қара жәшіктер» Бразилияға сәрсенбі күні (Баку уақытымен бейсенбі күні) әкелінген.

Басылымға тергеу барысымен таныс дереккөздің айтуынша, "қара жәшікті" ашу 2 қаңтарда (Баку уақытымен 3 қаңтар) басталған. «Қара жәшіктердегі» деректер Бразилияның Әскери-әуе күштері (Força Aérea Brasileira – FAB) мамандарының қатысуымен талданады. 

– Алынған ақпарат оқиғаны талдауға және тергеуге жауапты агенттік – Қазақстанның Авиациялық оқиғаны тергеу комиссиясына беріледі, – деп түсіндірді FAB. 

Еске салайық, 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласына жақын жерде Баку-Грозный рейсін орындаған AZAL жолаушылар ұшағы  апатқа ұшыраған болатын. Борттағы 67 адамның 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалды.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің Жарлығымен қаза тапқан экипаж мүшелері – Игорь Иванович Кшнякинге, Александр Георгиевич Кальяниновқа, Хокума Джалил гызы Алиеваға Әзербайжанның Ұлттық Қаһарманы атағы берілді. 

Апат кезінде аман қалған экипаж мүшелері Зульфигар Сардар оглу Асадов пен Айдан Вагиф гызы Рагимли 1-дәрежелі «Рашадат» орденімен марапатталды.

Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ физикалық және техникалық сыртқы кедергінің салдарынан құлаған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.