Шығыс Қазақстан облысында 5 миллион теңгенің малын ұрлаған ұры ұсталды. Бұл туралы Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Шығыс Қазақстан облысында мал ұрлаған 50 жастағы бақташы ұсталды. Полицияның мәліметінше, ол өзі жұмыс істеген жергілікті фермердің 17 бас жылқысын ұрлаған. Оларды басқа қораға айдап апарып, өз мақсатына пайдаланған.
Алдын ала жиналған мәліметтер бойынша, күдікті жылқыларды 200 мыңнан 800 мың теңгеге дейін сатып, түскен қаражатты өз пайдасына жұмсаған. Күдіктінің іс-әрекетінен келтірілген жалпы шығын мөлшері 5 миллион теңгеден асады.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция ұрланған малдың бір бөлігін тауып, иесіне қайтарған. Тергеу жалғасып жатыр. Қалған малды іздеп жатыр.
Полицейлер мал иелеріне малды үнемі тексеріп, бақылауды күшейтіп, жұмысшылар таңдауда мұқият болуларын ескертеді.