Елдің түкпір-түкпіріндегі азық-түлік дүрбелеңінен кейін Үкімет өкілдері Нұр-Сұлтан қаласында баспасөз жиынын өткізді. Шенеуніктер «Қазақстанда азық-түлік қорына қатысты қиындық болмайды» деп сендірді. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, еліміз азық-түліктің негізгі түрлері бойынша ішкі нарықты өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ вирус тараған елдердің әлеуметтік маңызды тауарларына тәуелді емес. Елде жарты жылға жететіндей азық-түлік қоры бар екен. Азық-түліктің қымбаттамайтынын мәлімдеген Бақыт Сұлтанов халықты сауда орталығындағы дүрбелең туралы суреттерге мән бермеуге шақырды.
– Сауда орталықтарына көмек ретінде қаржы бөлініп отыр. Олар белгілі бір бағаны ұстап тұру міндетін алды. Мысалы, кеше (яғни, 12 наурызда – ред.) Нұр-Сұлтандағы бірқатар сауда жүйелеріне қосымша бір миллиард теңге бөлінді. Сондықтан WhatsAрр-та тараған касса маңында түсірілген бір фотоға бола даурығудың қажеті жоқ. Өздеріңіз білесіздер, егер көлденеңінен түсірсе, ондай жағдайды кез келген жерден байқауға болады, – деді Сұлтанов.Үкімет коронавирусқа қарсы сақтық шараларын күшейткен соң 12 наурызда Қазақстанның түрлі қалаларында дүкендерде, супермаркеттерде тұрғындар жаппай азық-түлік сатып алып, ұзын-сонар кезек пайда болған еді.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзінше, жедел штаб құрылып, азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша мониторинг жүргізіледі. Омаров брифинг кезінде Маңғыстау облысына пандемия өршіп тұрған Ираннан, Әзербайжаннан жеткізілетін көкөністер мен жеміс-жидектің қауіпсіздігі туралы сұраққа да жауап берді. Омаров «бұл екі мемлекеттен импортталатын өнімдердің барлығы дәрі-дәрмекпен өңделеді» деп жұбатты.– Біз Иранмен шекараны жапқан жоқпыз. Өйткені ғалымдардың зерттеуінше, азық-түлік тауарларында коронавирустың сақталу мерзімі 3-4 үш төрт күннен аспайды, – деді Сапархан Омаров. Айтпақшы, брифинг барысында бір журналист қыз Бақыт Сұлтановқа: – Жігіттік сөз бере аласыз ба? Азық-түлік жеткілікті бола ма? – деген құйтырқы сұрақ қойды. Министр де саспайды екен. – Азық-түлік жеткілікті, проблема болмайды, – деп шорт кесіп, шолақ қайырды. Айдар ДӘУІТҰЛЫ