Дубайда 180 метр биікте бассейн салынады

Мұндай биікте орналасқан бассейн-пентхаус әлемде алғаш рет жобаланып отыр. Биіктігі 180 метр болатын екі мұнараның арасын қосатын бассейнді сатып алуға қомақты қаржы да, жүрек те керек шығар.

Aikyn.kz ғажайып архитектуралық жобаның сипатымен Foster + Partners архитектуралық бюросы таратқан ақпаратқа сүйеніп таныстырады.

Екі зәулім мұнара Дубайдың Business Bay ауданында салынады, биіктігі 180 метр. Фото Foster + Partners бюросының сайтынан алынды

Астанада Хан шатыр мен Бейбітшілік пен келісім сарайын, Абу Даби плаза кешенінің жобасын жасаған британдық Foster + Partners архитектуралық бюросының келесі ерекше жобасы Дубайда салынбақшы.

Regent Residences Dubai және Sankari Place деп аталатын екі зәулім мұнара Дубайдың Business Bay ауданында салынады. Екеуі де бірдей 180 м биіктікке көтеріледі. Бұл архитектуралық нысандар енді бірнеше жылда қолданысқа берілетін Bugatti Residences-ке жақын орналасқан. Көлігімен пәтеріне дейін кіруге болатын кешен туралы Aikyn.kz «Зәулім ғимараттағы пәтерге Bugatti көлігі кіре алады» атты мақалада жазған болатын.

Ал Regent Residences Dubai, Sankari Place 180 метрде орналасқан жабық бассейнмен қосылған екі зәулім ғимараттан тұрады. Бассейн екі мұнараны қосатын ашық галереяны толтырады.

Мұнаралардың дизайнын шығыңқы балкондар мен бассейндер ерекшелендіріп тұр. Фото Foster + Partners бюросының сайтынан алынды

Сәулетшілерге Дубай сияқты зәулім ғимараттарға толы жерде өз таңбасын қалдыру оңай емес, бірақ Foster + Partners таңғалдырудың ерекше тәсілін тапқан сияқты. Әлемге танымал фирма жоғары жағындағы эксклюзивті пентхаус бассейнімен біріктірілген көз тартарлық мұнаралардың жұбын ұсынады.

Мұнаралардың дизайны шығыңқы балкондар мен бассейндер арқылы үйлесімділікті қамтамасыз етеді. Foster + Partners өкілдерінің айтуынша, олар каскадты суға ұқсас көрнекі әсер жасауға арналған. Екі мұнарадан әлемдегі ең биік ғимарат Burj Khalifa-ның көрінісі барынша толық көрінеді. Сауд Арабиясында салынып жатқан JEC мұнарасының құрылысы аяқталғаннан кейін рекордтық биіктіктің өлшемі өзгеретіні анық. Бірақ бұл да Regent Residences Dubai және Sankari Place мұнараларының көрінісіне көп әсер ете қоймайды.

Нью-Йорктегі Brooklyn Point бассейні 207 метр биікте, шатырда орналасқан. Фото kpf.com сайтынан алынды. Авторлығы: Evan Joseph

Лондондағы екі тұрғын үй кешенінің арасын қосатын 35 метр биікте орналасқан Sky Pool. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: EcoWorld Ballymore

Лондонның ашық Sky Pool бассейнінің ұзындығы 25 метр, тереңдігі 3 метр, сыйымдылығы 148 000 литр. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: EcoWorld Ballymore

Regent Residences Dubai мен Sankari Place мұнараларын айшықтайтын негізгі сөз – люкс санаты. Өйткені зәулім ғимараттардың әр қабатында бір ғана үлкен, кең әрі жарық резиденция болады. Сонымен қатар екі мұнараның жоғарғы деңгейінде «ультра пентхаус» люкс болады және дәл осы люкс «Аспан бассейні» деп аталатын бассейн арқылы біріктіріледі. 

Дегенмен Лондондағы екі тұрғын үй кешенінің арасын қосатын 35 метр биікте орналасқан Sky Pool мен Нью-Йорктегі Brooklyn Point шатырында 207 метр биікте орналасқан бассейндермен салыстырғанда Дубайдағы бассейн ерекше әсерлі болмақшы.

Төменгі қабаттарда жасыл кеңістік, террасадағы бассейндер, жеке асхана, тренажер залы және басқа да жайлы өмірге қажетті қызметтер, үлкен сауда кешені болады.

Regent Residences Dubai, Sankari Place мұнараларының аяқталу мерзімі немесе резиденциялардың қанша тұратыны әзірге жарияланған жоқ. Бірақ бір нәрсе анық: резиденциялардың бастапқы бағасы 7 таңбалы саннан басталады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.