Мемлекет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровты қабылдады.
Кездесу барысында агенттік басшысы ведомствоның бақылау функцияларын орындауы жөнінде, оның ішінде былтыр қабылданған монополияға қарсы шаралардың нәтижелері туралы есеп берді. Негізгі тауар нарықтарында шоғырлану деңгейін төмендету және «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа сәйкес жекешелендіру бағытында атқарылған жұмыстар жайында баяндады.
Оның айтуынша, Агенттік монополияға қарсы 97 істі тергеп-тексеруді аяқтаған.
– 2025 жылға арналған жоспар бойынша монополиялық нарықтардағы бағаға бақылауды күшейту, тергеп-тексерулер мен нарықты талдаудың тиімділігін арттыру үшін заңнамаға тиісті өзгерістер әзірленбек. Сонымен қатар, агенттіктің цифрлық экожүйесін құру мен дамыту жоспарланып отыр. Бұл – жасанды интеллект технологияларына негізделген ақпараттық-сараптамалық жүйені, цифрлық портал мен талдау құралдарын қамтиды, – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров.
Оған қоса, ол Қазақстан футбол федерациясының президенті ретінде отандық футболдың әлеуетін көтеру және еліміздегі балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау жоспарын таныстырды.
Кездесу соңында Президент бәсекелестікті дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді.