Мәжіліс депутаттары Алматы облысындағы Мәдениет үйінің құрылысы мәселесін талқылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында өңірлерді дамыту мәселесіне кеңінен тоқталды. Әр аймақты дамытуға жіті назар аударылады.

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаттары Жанарбек Әшімжанов, Максим Рожин мен Мақсат Толықбай Іле ауданы Өтеген батыр ауылына арнайы барып, Мәдениет үйінің құрылыс барысымен танысты. Олар жергілікті билік және мердігер компания өкілдерімен кездесіп, жұмыс барысы мен қаржыландыру мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Өтеген батыр ауылындағы 400 орындық Мәдениет үйінің құрылысы бірнеше жылға созылып келеді. 2022 жылы басталған жоба 2023 жылдың маусым айында пайдалануға берілуге тиіс еді. Алайда бүгінгі таңда жұмыс тек жартылай ғана аяқталған. Құрылысты аяқтауға 800 млн теңгеден астам қаржы жетпей отыр. Жобаға жауапты тараптардың әрекеті мен қаржының дұрыс игерілмеуі Мәжіліс депутаттарының назарын аударды.

Максим Рожиннің айтуынша, жоба бастапқыда дұрыс жасалмаған. Кіреберіс бөлігі қате жоспарланып, жер мәселесі бойынша да дау туындаған. Құрылысқа қажетті қаражат уақытында бөлінбей, мердігер өз қаражатымен жұмысты жалғастырған. Нәтижесінде, құрылыс қымбаттап кеткен. 

– Бұл – өңірдің әлеуметтік дамуы үшін өте маңызды жоба. Нысанның құны 2,2 млрд теңге деп бекітілген. Қаржы кезең-кезеңімен бөлініп келеді. Дегенмен, жұмыс тиісті деңгейде орындалмаған. 2023 жылы пайдалануға берілуі керек еді, бірақ тек жартысы ғана дайын. Құрылыс тоқтап тұр. Бұл жерде бақылаудың жеткіліксіздігі анық байқалады. Халыққа уәде берілген болса, оны орындау – біздің ортақ міндетіміз. Біз бұл мәселені қатаң бақылауға аламыз және барлық жауапты тараптардан нақты әрекет талап етеміз, – дейді депутат.

Іле аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Айдос Күнесбайдың мәліметінше, 2022 жылы 150 млн теңге, 2023 жылы 857 млн теңге бөлінген.

– Биыл 225 млн теңге бөлінді. Қосымша шығындарға байланысты 2023 жылдың маусым айында тағы 404 млн теңге бөлінген болатын. Соған қарамастан, құрылыс белгіленген мерзімде аяқталмады. Өткен жылдың сәуірінде мерзімді тағы ұзарту туралы келісім жасалып, жобаның аяқталу уақыты 2025 жылдың шілдесіне шегерілді. Қазіргі таңда құрылысты толық аяқтау үшін қосымша 805 млн теңге қажет», – дейді Айдос Күнесбай. 

Қазіргі уақытта құрылысқа қажетті қаржыны бөлу мәселесі Алматы облысының бюджет комиссиясына жолданбақшы. 

Айта кету керек, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін облыста 25 мәдениет үйінің құрылысы мен 27 мәдени нысанның сапалы күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Биыл 9 мәдениет үйінің құрылысы мен 6 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.