Ақмолада суға бата жаздаған балықшылар құтқарылды

Төрт бірдей балықшы көлігімен мұз астына түсіп, батып кете жаздаған.

Жақсы ауданында көлігімен бірге мұз астына түсіп, батып кете жаздаған төрт бірдей балықшы құтқарушылардың көмегімен шығарылды. 

Құтқарушылар көлікті арнайы техниканың көмегімен тартып шығарды. 

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 8 қаңтар күні Терісаққан ауылының жанында болған. Төрт балықшы балық аулауға шыққан күйі қайтып оралмаған. Жігіттермен тәулік бойы хабарласу мүмкін болмапты. 

– Іздестіру жұмыстары төтенше жағдай, жергілікті атқарушы органдар және полицияның көмегімен жүргізілді. Құтқару шараларына қар жауғаны үлкен кедергісін тигізді. Балықшыларға жету үшін арнайы К-700 тракторы техникасымен ғана жетіп, жолды қардан аршуға мәжбүр болдық,  дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев. 

Кейін анықталғанындай төрт балықшы отырған автокөлік мұз жарылып, суға батып кеткен. Құтқарушылар автокөлікті шығарып, балықшылар қайта жолға шыққан. Эвакуациялаудың қажеті болмаған. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы