Калифорниядағы жойқын өрттен болған шығын 150 миллиард доллар деп болжануда

Лос-Анджелес пен оның маңындағы бірнеше қалашықты шарпыған өрттен 360 мың адам эвакуацияланған. Өртенген ауданның көлемі де өсіп келеді, 10 мыңға жуық ғимаратты өрт шарпыған.

Telegraph, DW, BBC News басылымдарына сілтеме жасаған Aikyn.kz өрт шарпыған аудандар мен өрттен болған шығынның көлемін бағалайды.

Президент Джо Байден: «Калифорниядағы орман өрті штаттың тарихындағы ең ірі және ең жойқын өрт». Фото investopedia.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Tayfun 

АҚШ президенті Джо Байден бейсенбіде (9 қаңтар) Калифорниядағы орман өртін бұл штаттың тарихындағы ең ірі және ең жойқын өрт екенін, қазірдің өзінде 360 мың адам эвакуацияланғанын мәлімдеді. Өкінішке орай адам шығыны да бар. Лос-Анджелес округінің медициналық сараптама кеңсесі өрт салдарынан кем дегенде 11 адам қаза тапқанын айтуда. Лос-Анджелес шерифі Роберт Луна сенбіде тағы 13 тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткенін хабарлады. Оның айтуынша, өрт шарпып өткен аудандар атом бомбасы жарылғандай болып көрінеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, соңғы күндері Калифорнияның оңтүстігіндегі өрт жалпы саны 10 мыңға жуық ғимаратты шарпыған.

Тұтастай өртеніп кеткен Pacific Palisades ауданы. Фото dw.com сайтынан алынды. Автолығы: Anadolu / Tayfun Coskun

AccuWeather-тің алдын ала болжамы бойынша, өрттерден келген жалпы шығын 135-150 миллиард долларға жетуі мүмкін. Лос-Анджелес өрт сөндіру бөлімінің бастығы Кристин Кроулидің айтуынша, көптеген Голливуд жұлдыздары мен басқа да атақты адамдардың үйлері орналасқан Pacific Palisades ауданы ең қатты зардап шеккен аймақ болып саналады. Онда 5300-ден астам үй өртенген. Құтқару қызметтерінің мәліметі бойынша, қазіргі уақытта өрт бұл ауданның шамамен 80 мың гектар аумағын алып жатыр.

Округтік өрт сөндіру бөлімінің бастығы Энтони Марроне Pasadena маңындағы өрт 4-5 мыңға жуық ғимаратты, соның ішінде жеке және көппәтерлі үйлерді, сондай-ақ коммерциялық нысандарды қиратқанын мәлімдеді.

Өртті ауыздықтау әлі мүмкін болмай тұр. 9 қаңтарда өрт сөндірушілер екі үлкен өртті сөндіріп үлгергенше, жалын Лос-Анджелестің солтүстік-батысындағы West Hills және Hidden Hills қалашықтарына жетіп үлгерген. Онда өрт сызығының 50%-ы ғана бақылауға алынған. Осылайша Лос-Анджелес округінде ірі бес өрт ошағы бірден таралуда. Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом тілсіз жаумен күресуге қосымша 900 өрт сөндіруші тартылатынын айтқан.

Тонаушылар америкалық бай қалашықта да ұсталған, орман өртінен зардап шеккен Лос-Анджелес маңындағы аудандарда коменданттық сағат енгізілді. АҚШ Ұлттық гвардиясының мыңдаған әскері қараусыз қалған үйлерді қорғауға жұмылдырылды. Олар зардап шеккен аймақтарды аралап, күдікті адамдарды ұстайды. Қазірдің өзінде тонауға қатысы бар кем дегенде 20 күдікті ұсталды.

Сенбідегі (11 қаңтар) жағдай бойынша округте үлкен алты ауданда орман өрті тіркелген. Бұл күні өрт сөндірушілер Pacific Palisades ауданындағы өрт аумағының 11%-ын сөндірген. 

Әлеуметтік желілерде қаланың үстінде өрт құйындары көтеріліп жатқанын көрсететін видеолар таралуда. Құтқару қызметтері өртті сөндіруді жалғастыруда, бірақ жағдай қиын күйінде қалып отыр. Синоптиктер демалыс күндерінің соңына қарай қатты жел соғады, бұл өртті сөндіруді қиындатып, оның одан әрі таралуына себеп болуы мүмкін екенін ескертеді.

Орман өрттері Пэрис Хилтон, Энтони Хопкинс, Мел Гибсон сияқты әлемге танымал тұлғалардың  виллаларын жойып жіберді. Өрт Ким Кардашьян сияқты көптеген атақты адамдар тұратын Хидден Хиллс қаласына да жеткен. Лос-Анджелес маңындағы өрттен ең көп зардап шеккен Pacific Palisades, Malibu және Altadena аудандары болды. 

Үйлерінен айырылғандардың көпшілігі биліктің өртті сөндіруге дайын болмағанына және өрт гидранттарында судың жоқтығына шағымдануда. Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом Лос-Анджелестің коммуналдық қызметтеріне «толық тәуелсіз тексеру» жүргізуге бұйрық берген. Ол өрт кезінде судың болмауын қатты сынға алған.

Қатты желдің салдарынан, жаңбырдың болмауынан адам өлімі мен орасан зор материалдық шығындар өсуде.

Алғашқы өрт сейсенбі күні (7 қаңтар) таңертең көптеген Голливуд жұлдыздары тұратын Pacific Palisades ауданында басталғанын Aikyn.kz алғаш болып «Голливуд жұлдыздары үйін тастап қашуда» атты хабарламасында жазған болатын.

Жойқын өрттің шығу таралу хронологиясы мынандай. Сейсенбі күні таңертең бір жағында Pacific Palisades және екінші жағынан Тынық мұхитымен шектесетін Santa Monica тауларының жотасында шағын өрт басталады. Бірнеше минутта өрт басқа жоталарға тез таралып, үлкен жалындар жақын маңдағы тұрғын үйлерге ауысады. Тұрғындар үрейленіп, өзін-өзі эвакуациялау басталады, тіпті Калифорнияның өрт сөндіру бөлімі мәлімдеме жасамай тұрып – жүздеген тұрғындар үйлерінен көліктермен қашып, көлік қозғалысы қиындайды. Бірнеше сағат ішінде өрт күрт таралды.

Кешке қарай шамамен 500 га, ал таңертең 6 400 га жер жанып кетті. Бұл кішігірім қалашықтың ауданымен бірдей. Теңізден жағаға қарай жылжыған сайын жел күшейіп, ауа қызып, құрғақ болады. Өрттің жылдам таралуына соңғы айларда Лос-Анджелесте құрғақшылық болғаны жағдайды мүлдем қиындатып жібереді.

Altadena ауданының өрттен кейінгі көрінісі. Фото news.sky.com сайтынан алынды

Осылайша сәрсенбі күні (8 қаңтар) таңертең өрт Лос-Анджелес округінің 4 аумағына таралады. Сол күні кешке Pacific Palisades-та 7 000 га және Eaton-да 6000 га жер өртке оранған. Басқа үш Lidia, Sunset және Woodley аудандарын да өрт таралады. Бір сәтте адамдар дүние мүлкінен, мыңдаған атақты адамдар да, қарапайым тұрғындар да үйлерінен айырылды. Өрт шыққан алғашқы күндері шарасыз 100 мыңнан астам тұрғын қаладан қашып кеткен.

Дәл қазір Лос-Анджелес аудандарында Санта-Ана желінің күші 5-10 м/с. Фото NASA спутнигінен түсірілген. Авторлығы: en.wikipedia.org / NASA

Бейсенбіде өрт Голливуд төбелеріне жақындап, әйгілі көрнекті орындарға қауіп төндірді. Лос-Анджелес мэрі Карен Басс Ганада шетелдік сапарда болғандықтан өрт шыққан кезде қызмет орнында болмауынан ақталуға мәжбүр болды. Калифорния штатының губернаторы Гэвин Ньюсом Лос-Анджелестің өрт сөндіру крандарында судың жоқтығына шағымданған ашулы тұрғынмен бетпе-бет келді.

Жаңадан сайланған Дональд Трамп болса билікті сынады, ал президент Джо Байден төтенше жағдайға байланысты шетелдік сапарларынан бас тартатын мәлімдеді.

Губернатор Ньюсом желіде таралған «жалған ақпаратқа» қарсы тұруға шақырды. «Кейбір адамдар елімізді бөлгісі келеді, біз бұл мәселені шешуіміз керек», – дейді ол.

Бұл материал дайындалып жатқанда BBC News сенбіден жексенбіге қараған түні жел қайтадан күшейгенін, өрт кем дегенде 16 адамның өмірін қиған жариялады. Лос-Анджелес округінің коронарлық кеңсесі сенбі күні кешке 11 өлімнің Eaton-дағы, 5 өлім Pacific Palisades-тағы өртпен байланысты екенін хабарлаған.

Жеті көрші штат, федералды үкімет, сондай-ақ Канада мен Мексика Калифорнияға көмек жіберді. Фото reuters.com сайтынан алынды. Авторлығы: Ringo Chiu

Американың жаңа тарихындағы алапат өртті сөндіру де, оның салдары да әзірше қиын болып тұр. Ұлттық ауа райы қызметі өртті күшейткен Santa Ana желдері сенбі және жексенбі күндері қайтадан күшейетінін ескертеді.

Жеті көрші штат, федералды үкімет, сондай-ақ Канада мен Мексика Калифорнияға көмек жіберді. Америка халқына сабыр мен төзімділік тілейік.

Лос-Анджелес пен оған жақын қалашықтардағы өртті сөндіру жұмыстарын тікелей эфирде мына YouTube каналынан бақылауға болады: Тікелей эфир Калифорния

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.