Reuters агенттігінің хабарламасына сүйенген Aikyn.kz танымал әлеуметтік желіге салынған тыйымды америкалық қоғам қалай қабылдайтынын талдайды.
TikTok және оның қытайлық бас компаниясы ByteDance заңгері Жоғарғы сотта әлеуметтік желіге Америка Құрама Штаттарында тыйым салатын заң бойынша тыңдау кезінде бұндай шешім басқа компанияларға әсер ететінін ескертті.
Жұма күні (10 қаңтар) Жоғарғы соттың тоғыз мүшесінің алдында даулы тақырып бойынша тыңдау өткізілді. Қоғамда әртүрлі пікірлер туғызған заң бойынша қытайлық ByteDance компаниясы өзінің танымал әлеуметтік медиа платформасын сатуы тиіс. Немесе ұлттық қауіпсіздікке байланысты оған тыйым салынады. Ең соңғы мерзім – 19 қаңтар деп белгіленген. TikTok желісі де, ByteDance та Конгресс 2024 жылы сәуірде қабылдаған заң сөз бостандығы АҚШ Конституциясына енгізілген Бірінші түзетуге қайшы екенін мәлімдеп, заңның орындалуын кейінге шегеруді сұраған.
TikTok пен ByteDance компанияларының өкілі Ноэль Франсиско Жоғарғы Соттың заңды мақұлдауы осыған ұқсас тыйымдар басқа компанияларға да бағытталуы мүмкін деп сендірді.
«AMC театрлары бұрын қытайлық компанияның меншігінде болатын. Осы заңның тұжырымына сәйкес Конгресс AMC театрларына өзі ұнатпайтын фильмдерді цензуралауға немесе өзі қалаған кез келген фильмдерді насихаттауға бұйрық бере алады», – дейді Франсиско сот мүшелеріне.
Сөзжарыстар кезінде судьялар заңды қолдайтындарын көрсетті, бірақ кейбіреулері оның Бірінші түзетуге сәйкес салдары туралы алаңдаушылықтарын білдірді.
TikTok әлеуметтік желісінің АҚШ билігіне ұнамайтынына, оған тыйым салынатын заңға Aikyn.kz былтыр бірнеше мақала арнап,
«Президент TikTok-қа тыйым салатын заң жобасына қол қоятынын айтты»
«TikTok-қа тыйым салса айдаһар АҚШ-ты «тістеп ала» ма?» деген сараптамалық материалдар жариялады.
TikTok – АҚШ-та шамамен 170 миллион адам пайдаланатын платформа, бұл ел халқының жартысына жуығы. Конгресс өткен жылы бұл шараны екі партияның басым қолдауымен қабылдады. Өйткені заң шығарушылар Қытай үкіметі америкалықтарға тыңшылық жасау және жасырын ықпал ету операцияларын жүргізу үшін TikTok пайдаланады деген қауіпсіздік мәселесін алға тартқан.
Заңға қарсы шыққан TikTok контентін жасаушылардың өкілі адвокат Джеффри Фишер Жоғарғы соттың аргументтері кезінде Конгресс бұл шараны қабылдау кезінде Қытайдың ірі интернет-базарларын, соның ішінде Temu-ға емес, TikTok-қа назар аударғанын түсінбейтінін атап өткен.
«Конгресс (яғни) 70 миллион америкалық пайдаланатын Temu сияқты электрондық коммерция сайтына тиіспей қауіпсіздік тәуекелдерге алаңдай ма? Басқа қытайлық сайттармен өзара әрекеттесу арқылы да деректері жиналатын ондаған миллион адамдары бар басқа компанияларға неге тыйым салынбайды? Неге тек TikTok-қа тыйым салынады?», – деп таңданысын білдіреді Фишер.
Демократиялық партияның президенті Джо Байден заңға қол қойғаны, оның әкімшілігі бұл жағдайды қорғағаны белгілі. Активтерден бас тартудың соңғы мерзімі 19 қаңтар деп белгіленген. Бұл жалпы тыйымға қарсы шыққан республикашыл Дональд Трамптың қызметіне кірісуіне бір күн қалғанда болмақшы.
Байден әкімшілігінің атынан заңды қорғаушылар ByteDance-ті активтерді сатуға қатысты шаралар қабылдауға мәжбүрлеудің 19 қаңтарда аяқталатыны маңызды екенін айтуда.
«Шетелдік қарсыластар (қытайлық бас компания – авт.) Құрама Штаттардағы осы бұқаралық коммуникация арнасын бақылаудан өз еркімен бас тартпайды. Менің ойымша, бұл шектеулер күшіне енген кезде ByteDance-тің ұстанымы да өзгереді. Бұл компанияға активтерді сату процесін бастау керектігін тағы бір ескерту болуы мүмкін», – дейді бұл топтың өкілі Элизабет Прелогар.
Егер тыйым 19 қаңтарда күшіне енсе, Apple және Alphabet (Google) бұдан былай жаңа пайдаланушыларға TikTok-ты жүктеп алу үшін ұсына алмайды. Бірақ бұрыннан бар пайдаланушылар желіні пайдалана береді. АҚШ үкіметі мен TikTok бұл желінің уақыт өте келе нашарлап, ақырында жарамсыз болып қалатынымен келіседі, өйткені компанияға қосалқы қызметтер ұсынуға тыйым салынған.
Жоғарғы Сот сонымен қатар TikTok-қа тыйым салу оны Қытайдың жасырын ықпал ету науқаны немесе үгіт-насихат мақсатында пайдалануына тосқауыл қоя ма деген мәселені де қарады.
«Қараңыздар, бәрі контентті басқарады. Көптеген адамдар CNN, Fox News, Wall Street Journal, New York Times та өз контентін бұрмалап береді деп санайды», – деді Ноэль Франсиско сотта.
27 желтоқсанда Трамп Жоғарғы сотты «осы іс бойынша даулы мәселелерді саяси реттеуге қол жеткізуге мүмкіндік беру» үшін қосымша уақыт беруге шақырған. Заңға сәйкес, АҚШ Президентінің 19 қаңтардағы мерзімін 90 күнге ұзартуға құқығы бар. Бірақ ByteDance АҚШ-тағы TikTok активтерін сатуға іс-әрекеттер жасап жатқанын көрсетуі керек. Трамп Ақ үйге оралғанда «біз басқа әлемде болуымыз мүмкін» дейді ByteDance пен TikTok-тің қорғаушысы Ноэль Франсиско.
Жоғарғы сот мүшесі Бретт Кавано биліктің ұстанымын қорғаушы Элизабет Прелогардан «Біз бұл заңды орындамаймыз деп айта ала ма?» деп сұраған. Жауап: «Менің ойымша, жалпы алғанда, президенттің мәжбүрлеу шараларын қабылдауға құқығы бар» болды.
Ал Ноэль Франсиско болса «сот алдын ала ескерту жасап, барлығына аздап үзіліс беруінде мағына бар деп ойлайтынын» айтты. АҚШ үкіметі мен TikTok арасындағы саяси даулы мәселені түйінін шешу Трамптың жаңа әкімшілігіне қалатын шығар.
Әзірше Ақ үй мен TikTok әр тілде сөйлеп, мына әзіл видеодағыдай бірін-бірі түсіне алмай жүрген сияқты.