Менен кейін өледі деп ойлайтынмын: Исабеков Мағауиннің әруағынан кешірім сұрады

Жазушы-драматург Дулат Исабеков Мұхтар Мағауиннің қазасына қатысты пікір білдірді.

Ол бір кездері баспасөз бетінде өзімен айтысқан ұлы жазушының ұлт алдындағы жақсылығын айтып, әруағынан кешірім сұрады, – деп хабарлайды Aykin.kz. 

Бұл туралы жазушы Д.Исабеков “Хабар” телеарнасының “7 күн” сараптамалық бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

“Мұхтар Мағауиннің қазасын естігенде отырып қалдым. Ойпырым-ай, кеше ғана сау адам сияқты еді, екеуіміз айтысып жүр едік қой. Бұл қалай болғаны? Тіршілігіңде өлмейтіндей жүреді екенсің”, – деді жазушы-драматург.

Исабеков Мағауинді ұзақ жасайды, өзінен кейін өмірден өтетін шығар деп ойлаған екен.

“Қайтыс болады деген ойымда жоқ еді. Кейде Мұхаңды “Әй, менен кейін қайтыс болатын шығар” деп ойлайтынмын”, – деп сөзін жалғады жазушы.

Сөз соңында Исабеков кезінде Мағауинмен өзімен баспасөз бетінде біраз айтысқанын еске түсіріп, кешірім сұрады. Және де қазақ халқына үлкен әдеби, рухани олжа қалдырып кеткенін атап өтті.

“Ал, айналайын, Мұха! Артық айтып қойған болсам, әруағың кешірсін. Артық айтқан ешнәрсем жоқ сияқты деп ойлаймын. Егер де солардың бірін артық деп санасаң, кешірім сұраймын! Қазақ халқы үшін үлкен олжа қалдырып кеттің. Өзің кеттің, артыңда Мұхтар деген атың, шығармаларың мәңгілік қалды”, – деді Дулат Исабеков.