Olimp.kz жабылды дегенде жұрт бөркін аспанға атып қуанған. Көбі сеніңкіремей жүрді. Алдымен сайты бұғатталды. Аз күннің ішінде еліміздің барлық аймағындағы кеңселері жоқ болды. Халық аң-таң. Тек бәс тігетіндер уайымға салынып, «шотымыздағы ақшамыздан айырылып қаламыз ба?» деп алаңдағаны рас. Кейін олардың тең жартысы өзге букмекерлік сайттарға тіркелді. Бірақ... Бұл хикая да ұзаққа созылмады. Артынша бұрынғы букмеркерлік орталық OLIMPBET деген атаумен жұмысын қайта жалғастырды. Атауы өзгергені болмаса, сол баяғы букмекерлік компания. Енді, міне жаңа бәс тігетін орталықтың кеңселері де күн өткен сайын көбейіп жатыр. Оны қойшы, басқасы-басқа OLIMPBET букмекер компаниясының футболдан ел біріншілігінің басты серіктесіне айналып шыға келгені көпшілікті таңғалдырды. Сөйтіп, 3 жыл бойы футболдан Қазақстан чемпионаты «OLIMPBET – футболдан Қазақстан Чемпионаты» деп аталатын болды. Бұл шешім Қостанайда өткен атқару комитетінің жиынында қабылданды. «Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы OLIMPBET букмекер компаниясымен серіктестік жөнінде келісімге қол қойды. Серіктестік 3 жылға созылып, 2020, 2021 және 2022 жылғы маусымдарды қамтиды. Келісім бойынша қазақстандық жоғары дивизионның жеке логотипі мен ресми атауы 2020 жылдың наурызынан бастап өзгереді. Енді ішкі чемпионат «OLIMPBET – футболдан Қазақстан Чемпионаты» деп аталады» делінген лига ақпаратында. Анықтап қарар болсақ, осы тектес атаулар шетелдердегі чемпионаттарда да бар. Бір кездері ағылшын Премьер-лигасы да Barclays Премьер-лига деп аталғанын футбол жанкүйерлері жақсы біледі. Ал Barclays деп отырғанымыз – Ұлыбританиядағы ірі қаржы компанияларының бірі. Өзге чемпионаттардан мұндай мысалдардың түр-түрін келтіруге болады. Атап айтар болсақ, осы жылы Ресейдегі коммерциялық банк «Тинькофф» РФПЛ-дың бас серіктесі атанды. Біздің лигаға әзірге букмекерлік орталықтар ғана демеуші болуда. РФПЛ-дағыдай бәсеке жоғары болғанда бәлкім алпауыт компаниялар да демеуші бола жатар. Әзірге біздегілерге спорттық шараларда OLIMPBET, 1ХBET бастаған букмекерлік кеңселердің жарнамаларынсыз жарыс өтпейтіндей көрінеді де тұрады. – Теңбіл доптың тамашасы ешқашан таусылған емес. Оның жанкүйерлерді өзіне тартатын тылсым күші де ерекше. Бірақ кейінгі кездері футбол спорт ретіндегі мәнін жоғалтып бара жатқан сыңайлы. Осыдан 10-15 жыл бұрын жанкүйерлер қандай еді? Қазір мүлдем өзгерді. Теледидар не смартфон бетіне үңілген жастар футболды қалай қарайды дейсіз ғой?! Шыны керек, көбі бәс тігеді. Футбол арқылы ақшалы болғысы келеді. Шықпай қалса аһ ұрып, сол команда ойыншыларын жамандайды. Тіпті, кей жанкүйерлер бәс тікпей футбол қарауды қызықсыз санайды. Бүгінде футбол спорттық тұрғыдан емес, бизнес ретінде қатты дамып кетті. Біріншісінен екіншісі алға озып барады. Қалай да болсын, маркетинг жолымен қыруар қаржы табуды көздейді. Маркетинг керек-ақ. Бірақ тым көбейіп кетпеді ме? Мысалы, өзіміздің Премьер-лиганы-ақ алып қарайық. Қаптаған букмекерлердің жарнамасы. Ол аздай, осы маусымнан бастап келісім бойынша жоғары дивизионның жеке логотипі мен ресми атауы «OLIMPBET – футболдан Қазақстан Чемпионаты» деп өзгерді. Теледидардан футбол қарап отырсаң, комментатор бір таймда бірнеше рет букмекердің атын айтып, коэффициентін жариялап, жұртты қызықтырады. Ойынның бірінші бөлігі аяқталғанда тағы да сол букмекердің жарнамасы. Әйтеуір, бітпейтін жарнама... Жай жарнама емес, жастарды еліктіретін, оңай ақша табуға желіктіретін жарнама. Олай болса, Қазақстан Премьер-лигасы емес, «букмекерлер Премьер-лигасы» дейік. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, бәзбіреулер үшін букмекерлерді жарнамалау тиімді. Бірақ жарнаманы да шамадан тым асырып жібергендейміз. Белгілі бір деңгейде шектеудің болғаны жөн. Себебі жастарды лудомания дертімен өзіміз улап жатырмыз, – дейді спорт журналисі Өмірбек Сансызбай.
Olimp.kz жабылғанымен, оның орнына басқа компания OLIMPBET деген атаумен букмекерлік кеңсе ашты. Бұрынғыдан басқа болғанымен, ішкі құрылымы, дизайны бірдей. Olimp – Қазақстан нарығындағы ең сенімді кеңсе болатын және қолдануға ыңғайлы интерфейсімен басқалардан ерекшеленетін. Жаңа OLIMPBET-тің тек аты ауысқанымен, заты ауыспайды.
Ал блогер Аршат Ораз жарнама нарығында букмекерлік кеңселерінің дәурені жүріп тұрғанын сөз етті. – Olimp.kz жабылғанымен, оның орнына басқа компания OLIMPBET деген атаумен букмекерлік кеңсе ашты. Бұрынғыдан басқа болғанымен, ішкі құрылымы, дизайны бірдей. Olimp – Қазақстан нарығындағы ең сенімді кеңсе болатын және қолдануға ыңғайлы интерфейсімен басқалардан ерекшеленетін. Жаңа OLIMPBET-тің тек аты ауысқанымен, заты ауыспайды. Ойыншыларға ең маңыздысы – ақша салу және шығарудың жылдам болуы, сайттың түсінікті, ыңғайлы, қарапайым болуы. Қазіргі кеңсенің қожайыны заң жүзінде өзгергенімен, бұрынғы жүйе қала береді. Қазір жарнама нарығында букмекер кеңселері біраз орын алып тұр. Интернеттен бөлек сыртқы жарнамада да тұтынушыға талас жүріп жатыр. Соның бірі – әлбетте командаларға демеуші болу немесе тұтастай бір чемпионаттың атына демеуші болу. Бұл жерде негізі демеушілік емес, жарыс атауына кеңсе атын қосу – таза жарнамалық әрекет. Бізден басқа көптеген елде бар нәрсе. Сондықтан чемпионатқа букмекер демеуші болғасын ойындар сатылады деген әңгіме бос сөз. Тап-таза маркетингтік қадам. Жаңа OLIMPBET өздерінің ойынға қайта оралғанын, аты өзгеріп, кішігірім ребрендинг жасағандарын спорт жанкүйерлері көп қарайтын футбол арқылы жарнамалап, жариялауы – қалыпты құбылыс, – дейді ол. Тағы бір танымал блогер Алмас Тоқабаевпен әңгімелескенімізде, оның OLIMPBET букмекер компаниясының футболдан Қазақстан чемпионатының серіктесі болғанына қарсы емес екенін айтты. – Olimp.kz букмекерлік кеңсесі жайдан-жай жабылған жоқ. Бәрі букмекерлік кеңсенің салық төлемегендігінен болды. Сол бойынша қылмыстық іс қозғалды. Нарықтың босап қалған орнына өзгелерінің басқа атаумен ашылуы, соған ұқсас боп ашылуы бәсекелестіктің артқандығының көрінісі деп ойлаймын. Адамдарда сұраныс бар, демек сұранысты қанағаттандыратын ұсыныс әрқашан нарықта шығып отырады. Бұл – заңдылық. Ал Қазақстан чемпионатының серіктесі болғанына қарсы емеспін. Жалпы, біздің отандық футболға букмекер, казино болсын, басқа болсын, әйтеуір заңды жолмен әкелген ақшасымен демеуші болам десе, оған қуану керек. Ең бастысы, Үкіметтің ақшасына, облыстың бюджетінен қаржыландыруды тоқтатқан жөн. Жеке кәсіпкерлер қолына алып, өздерінің ақшаларын салып, сол арқылы пайда табамыз десе, бұл бір жағынан халықтың ақшасына үнем болады. Екінші жағынан футболдың да коммерцияланып, дамуына өз әсерін тигізеді. Қазақстан чемпионатының OLIMPBET деп аталуында тұрған ештеңе жоқ. Кезінде Павлодардағы «Бастау» деген арақ шығаратын завод «Ертіс» клубының бас демеушісі болған. 2000 жылдары «Ертіс-Бастау» деп аталатын. 1996-2000 жылдарға дейінгі аралықта Семейдегі «Семей су» да чемпионаттың серіктесі атанған. Сондықтан спорттық бәс тігетін букмекерлердің демеуші болуына таңданыспен қараудың реті жоқ. Ең бастысы, салығын төлесін, заң аясында жұмыс істесін. Заңды жолмен тапқан ақшасына кімге демеуші болады, қалай демеуші болады, ол өздерінің құзырындағы дүние, – деп қорытты ойын Алмас Тоқабаев. Иә, кім не десе де үш маусым бойы Қазақстан Премьер-лигасының бас серіктесі OLIMPBET букмекерлік компаниясы болады. Алдағы уақытта басқа да спорт түрлерінен өтетін турнирлерге, чемпионаттарға осы секілді өзге де букмекерлік компаниялар серіктес атанып, біріншілік атауына өз атын жаздыратындар көбейе береді. Бұл өз кезегінде спорттық клубтарға тиімді болғанымен, бәс тігуге үгіттейтін жарнамалардың жер-жерде жариялануы халыққа кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Онсыз да телеарналардан, көптеген танымал сайттардан «Ақша тігіп, ұтысқа кенел» деген жөнсіз үгіттеулердің қайта-қайта шығуы жиілеп кетті. «Ақшасы төленді, бас серіктесіміз» деп белді телеарналардың орынсыз жарнамамен абыройын түсіруі қаншалықты дұрыс? Қайткен күнде де бәс тігуге шақыру жақсылыққа апармасы анық.