Ақмолада аудандық аурухана 17 миллион теңгеден астам салықты жасырған

Бұл прокуратуралық тексеріс кезінде белгілі болған.

Есіл аудандық ауруханасы жеке кіріс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияны нөлдік көрсеткіштермен тапсырғаны анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Осылайша аудандық аурухана мемлекет бюджетіне 17 миллион 200 мың теңге салықты мүлде аудармаған болып шықты. Өрескел заңсыздық прокуратуралық тексеріс кезінде анықталған. 

– Есіл аудандық прокуратурасымен аудандық аурухана салық органына жеке кіріс және әлеуметтік салық бойынша декларация ұсынылып, онда бюджетке салықтың нөлдік мәндегі сомасы көрсетілгені белігілі болды, – дейді Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен. 

Аудандық прокуратураның араласуымен аталған заңсыздық түзетіліп, аурухана салықты толық көлемде төлеген. Облыстық прокуратура кінәлі тұлғалардың жауапкершілікке тартылғанын жеткізді. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы