Бұлай бара берсе, бүкіл әлем «халал аймаққа» айналуы ғажап емес. Өйткені дүниежүзінде талпақ танаулар қырылып, шошқа шаруашылығы дағдарысқа ұшырап жатыр. Бұған кейінгі жылдары күш алған «шошқалардың африкалық обасы» себепкер. Жер бетіндегі барлық шошқаның төрттен бірі қазірден жойылуға жақын.
Коронавирус пен обаны қатар таратады
Жануарлар саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйым вице-президент Марк Шипп дабыл қақты. Тіпті, жануардың бұл түрі қалмаған елдер де пайда болды. Мысалы, шошқалардың африкалық обасынан (ШАО, african swine fever) қорғану мақсатында Гонконг өз аумағындағы осы жануардың барлық басын – 6 мың шошқаны тегіс қырып тастады. Себебі мал сою орындарының бірінде әлгі қауіпті індеттің вирусы табылған. Жануарлар саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйымның президенті Моник Элуа Reuters-ке берген сұхбатында «географиялық орналасу жағдайына қарамастан, барлық елдерге қауіп-қатер төніп тұрғанын» мәлімдеді. Оның айтуынша, жануардың бұл вирусты жұқтыру көздері өте көп және жақын арада ахуал жақсарады деп үміттенуге болмайды. Өткен жылы қорқынышты кесел ошақтары Вьетнам, Камбоджа, Венгрия, Латвия, Польша, Румыния, Словакия, Оңтүстік Корея, Филиппин және басқасында әшкереленді. Таяуда WhatsApp арқылы талпақ танаулардың лек-легімен тасылып, алып шұңқырға тасталып, бульдозермен тірідей көміліп жатқаны бейнеленген видеоролик тарады. Қытайда 2019 жылдың өзінде 915 мыңнан астам шошқа жойылған. Ресми мәлімет бойынша, ҚХР-да бір жылда осы мал түрі 40%-ға кеміді. Сарапшылар шығыны одан зор дейді. Оның үстіне Сovid-19-бен шошқаның да ауыратыны анықталып отыр. Ухань вирусологтері жарғанаттар тасымалдайтын коронавирустың шошқаларға жұғуын 2018 жылы зерттей бастаған. Ухань вирусология институтының ғылыми қызметкері Чжоу Пэннің осыған қатысты эксперимент жүргізіп жатқаны жайында екі жыл бұрын Синьхуа агенттігі ресми хабар таратыпты. Пэн 28 тараудан тұратын өз жұмысын Nature ғылыми журналына да басқан. Онда ол жарғанаттар тарататын коронавирус торайларға топалаңдай тиетінін баяндайды. Қытайдың Денсаулық сақтау ұлттық комиссиясы вирустың мутацияға қабілетті екенін растады. Демек, түрін өзгерткен ол жануардан адамға көшеді. Кезінде елеусіз қалған бұл зерттеулер Сovid-19 өршуімен бірге қайта жарыққа шықты. Осы орайда, шың елінде шошқа етін тұтыну төмендеген. Бұған оның көп көлемде жойылуы салдарынан осы ет түрінің күрт қымбаттауы да ықпал етсе керек. ҚХР Коммерция министрлігінің дерегінше, Қытайда шошқа етінің бағасы биылғы қаңтарда 116 пайызға өсті. Россельхознадзор хабарлауынша, 2019 жылдың соңында көрші Ресейде шошқаның африкалық обасының 113 ошағы тіркелді. Бұл ретте вирус геномы тек тірі малдан емес, дүкендегі өнімнен, колбасадан табылды. РФ Шошқа өсірушілер ұлттық одағының бас директоры Юрия Ковалеваның байламынша, әсіресе Калининград, Курск, Новгород облыстарының ірі кәсіпорындары осы індеттен зардап шегуде. Олардың колбаса өнімдері Қазақстанға да жететіні мәлім.Елімізде шошқа етіне сұраныс аз
Қазақстанда ШАО жоқ. Бірақ сонда да шошқа шаруашылығы терең дағдарыста. Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының маманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Маргарита Долгих шошқа шаруашылығы үш нысанда – ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, шаруа қожалықтары және жеке қосалқы шаруашылық түрінде жұмыс істеп жатқанын айтады. Бәрінде мал басының күрт азаюы байқалады. 2018 жылы ШҚ-ларда 109,9 мың шошқа болса, 2019 жыл соңында оның 92,5 мыңы ғана қалған. Яғни, осы мал түрі бірден 17,4 мыңға кеміді. «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» деректер базасына жүгінсек, 2019 жыл соңында, жалпы алғанда Қазақстанда 714 070 бас шошқа қалған. 2010 жылдары оның саны 1,5 миллионға дейін баратын. Ал Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда 3-3,5 миллионға дейін көбейген. Алматы облысының Іле ауданында орналасқан ірі шошқа фермасының басшысы Лидия Гаврилюк бұл шаруашылықтың табысты жылдары артта қалғанына назар аудартты. «Шаруашылық дәуірлеген 2010 жылы біздің фермада шошқа саны 10 мыңға дейін жететін. Бүгінде 3,5 мыңы ғана қалды. Бұл іске салған қаражат өзін-өзі өтемейді, әзер күнелтудеміз. Бірінші себеп – азық-жем бағасы күрт қымбаттады. Біз оны алыпсатардан сатып алуға мәжбүрміз. Кеңес кезінде және бертінде шошқа шаруашылығына элеваторлар қызмет ететін. Проблеманың не екенін білмейтінбіз: арзан бағаға не керектіні аста-төк көлемде алып кетесің. Бұған қоса, шошқа фермаларына арпа және басқа жемшөп дақылдарын өсіруге егістік берілетін. Енді ол жоқ. Егістік өзгелерге таратылып кетті. Бізге азық-жемді ақшаға сатып алуға тура келуде», – дейді Лидия Григорьевна. Сонымен бірге өзге төрт түліктен айырмашылығы – талпақ танаудың өне бойы тұнған кесел. Аскарида, балантидиоз, цистицеркоз, трихоцефаллез, трихинеллез деп кете береді. Паразиттері толып жатыр. «Шошқаларға арналған дәрі-дәрмекке, вакциналар мен ветпрепараттарға қол жеткізу үлкен проблема. Сапасы төмендері жарамайды, сондықтан анағұрлым сапалы препараттарды іздеуге уақыт пен күш кетеді. Бағасы да әртүрлі. Мысалы, «Фарашур голд» Алматыда 640 теңге, ал Ақтөбеде 570 теңге тұрады. Шошқалардың дерттері көп, олардың алдын алу және емдеу үшін орасан зор ауқымда ветеринарлық препарат керек. Аса қауіпті ауру – аусыл тарағанда, ветқызметтерден қайыр болмады. Оларға өтінішім жауапсыз қалды. Тек Ауыл шаруашылығы министрінің өзіне қоңырау соққасын шаралар қабылданды», – дейді Л.Гаврилюк. Ол ет комбинаттары тарапынан сұраныс кемігеніне қынжылады. Ет зауыттары мен колбаса цехтары күніне 20-30 шошқа қабылдаған кездер болыпты. Енді 100-110 келіден артық алмайтын көрінеді. Кесірінен, фермаларда шошқалар басы артық көлемде жинақталады. Уақытында сойылмаса, бұл жануардың денесін май басып кетеді екен. Ондайының етін әр келісін 300 теңгеден «сутегінге» өткізуге мәжбүр. Қазіргі уақытта еліміздің екі ірі мегаполисінде шошқа етін көп жер сатпайды. Алматыда оны іздеушілер «Жасыл базар» мен «Талғар» базарларынан табады. Елордада жеке ет дүкендері ғана ұсынады. Салыстыру үшін айтсақ, Eurostat ақпаратына сай, Еуропада әр адам жылына – 45 келісін, Қытайда – 40 келісін, Ресейде – 30 келісін жейді. Бұл – тарихи минимум. Әйтпесе, өткен ғасырда бұл көрсеткіш 200 келіге дейін барған. Eurostat 2019 жылы шошқа етін тұтыну бірден 10 миллион тоннаға кемігенін келтірді. Бұл тапшылық әрі қарай артуда. Оған осы еттің жыл сайын қымбаттауы да түрткі. Мысалы, Германияда шошқа етінен жасалған барлық өнім бағасы орташа есеппен 8,3% көтерілген. Шошқа етінің әр келісі 6,3 еуродан 7,39 еуроға дейін өсіпті. Белгілі дінтанушы, Әзірет Сұлтан мешітінің бұрынғы бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы елге шошқа етінің зияны көп екенін қаперге салады. «Доңыздың денесінде, оның майының құрамында «сутоксин» делінген улы зат бар. Ол денеге енген соң қайта сыртқа шығарылуы үшін лимфа бездері шамадан тыс жұмыс істейді. Ауруға ұшыраған баланың тамағы қатты ісінгендіктен, доңыз кейпін елестетеді. Міне, сондықтан бұл ауру медицина тілінде skrofuloz немесе «доңыз ауруы» деп аталады. Доңыздың етін жеуден пайда болатын, адам өміріне қауіп төндіретіндей қатерлі тағы бір ауру – трихина. Трихина құрттары асқазан және ішектер арқылы қанға өтеді. Сосын бүкіл денеге тарайды. Қан тамырларының бітелуіне, менингит және мидың асқынуына әкеп соғады. Мұсылман елдерінде бұл ауру жоқтың қасы. Медицина ғылымы дамығаннан кейін ғана доңыз етіндегі трихина сияқты зиянды құрттар мен микробтардың, улы заттардың бар екенін білудеміз. Ал Құран қанша ғасыр бұрын доңызды «харам» деп кесіп үкім берген», – дейді ғылыми-зерттеулерге сүйенген дінтанушы. Демек, талпақ танау етінің бұқараға қолжетімді арзанқол өнімнен аса қат тауарға айналуы адамзатқа пайдалы болмаса, зиянды болмас. Елдос СЕНБАЙ