Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева қыста тұрғын үйлердің жанында көлігін 5 минуттан артық қыздырып тұратын жүргізушілерге айыппұл салу туралы нормаға қатысты пікір білдірді. Депутаттың айтуынша, мұндай норма 20 жылдан бері бар. Сәйкесінше Смышляева осы мәселеге қатысты туындаған дау-дамайды «технологиялық хайп» деп санайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мәжіліс депутаты жол қозғалысы туралы Заңның қазіргі редакциясында жазылған бұл ереженің кей тұстары түсініксіз екенін атап өтті.
«Заң шығарушы ретінде аталған норманы талдай келе, бұл ережеде кейбір мәселелердің нақтыланбағанын атап өткенім жөн. Мәселен, «елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істейтін механикалық көлік құралдарының тұрағына тұрғындарға қолайсыздық туғызған жағдайда тыйым салынады» делінген. Бұл жерде қолайсыздық тудырды деп кімді немесе нені кінәлауға болады? Жағымсыз иісі бар көліктен шығатын газды ма? Әлде түнгі үште елді тәтті ұйқысынан оятатын қозғалтқыштың дауысын ба? Болмаса көршімізге көлігіңізді үйдің жанына қоймаңыз дейміз бе? Яғни, оның елге кедергі келтіріп жатқанын қалай анықтаймыз? Халықтың арыз түсіргенін күтіп отырамыз ба? Ол арыз қандай талаптар бойынша қабылданады?», – дейді Екатерина Смышляева.
Смышляеваның айтуынша, тұрғындарға кедергі келтірген көлік жүргізушісіне қалай шағымдану керек екені де түсініксіз.
Осыған байланысты депутат бұл мәселенің бірнеше шешімін ұсынды.
- жауапқа тарту тәртібі (қолайсыздық туындағаны жөнінде тұрғындардың негізделген өтініші болған жағдайда ғана);
- қолайсыз жағдайларға нені жатқызуға болатындығын нақтылау;
- шағымның негізді болуы үшін нақты талаптарды анықтау.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты осы мәселені шешуге байланысты көпшіліктің ұсыныстарын қабылдауға дайын екенін жеткізді.