Ақмола облысында да төтенше жағдай қызметі алдағы көктемгі су тасқынына әзірліктерін тағы бір мәрте пысықтап, тексеріс шаралары жүргізілуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Көкшетау қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі базасында су тасқыны кезінде дереу жұмылдырылатын жеке құрам мен техниканың әзірлігі сыналды.
Байқау шарасына Көкшетау қаласының гарнизоны қатысты. Төтенше жағдайдың алдын алу және жоюға бағытталған күштік құрылымдардың дайындығын Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Бақытжан Алашов тексерді.
Жалпы өңірде азаматтық қорғаныстың мемлекеттік жүйесі мен күштік құрылымдары бар өңірдің бірі саналады. Құтқару қызметінде 2835 жеке құрам сарбаздары, 1382 арнайы техника, 21 жүзу құралы мен 266 мотопомпа қызмет етеді. Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше барлық күш құрылымдар тек тұрақты бір жерде емес жағдай күрделенген аудандарға дереу жеткізілмек.
– Көкшетаулық құтқарушыларда бұдан бөлек жылжымалы сорғы стансасалары да жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Мәселен, КаМАЗ көлігінде өнімділігі секундына 500 литрлік ЖСС-500 орнатылған. Ол жедел арада су тасқыны кезінде суды сорып алу, ірі өрттерді сөндіру, су қоймаларын құрғату кезінде жедел арада мәселені шешуге мүмкіндік береді, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Шараға жергілікті атқарушы органдар да қатысып, олар алдағы су тасқынының алдын алу үшін гидротехникалық құрылымдарды жөндеу, өзен арналарын тереңдету және бөгендер салу туралы жұмыстар туралы баяндады.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы