Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес құрылады

Елімізде жасанды интеллектіні дамытудың перспективасы зор.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары барысында сарапшылармен жасанды интеллектті (ЖИ) дамыту мәселесін талқылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ЖИ саласына жоғары санатты маман даярлау және қолдау ісіне айрықша басымдық беріп отырғанына тоқталды. Президенттің айтуынша, ЖИ-дің қолданысқа табысты енуі осындай технологияларды әзірлейтін және пайдаланатын адамдардың біліктілігі мен тәжірибесіне тікелей байланысты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде AlemAI озық технологиялар орталығы құрылғанын мәлімдеді. Орталық әлемдегі үздік тәжірибелерді игеріп, инновациялық шешімдердің енгізілуіне ықпал етеді. Президент жасанды интеллектке байланысты бастамаларды жүзеге асыратын хабта мектептерге, университеттерге және кәсіби даярлық орталықтарына арналған білім беру бағдарламалары жасақталатынын айтты. Сондай-ақ онда зерттеушілерге, стартаптар мен компанияларға арналған кеңселер, тәжірибе алмасу алаңдары орналасады.

Жиынға Polynome компаниясының негізін қалаушы Александр Ханин, G42 компаниясының жасанды интеллект жөніндегі бас директоры Джексон Эндрю, Абу Дабидегі Халифа ғылым және технология университетінің профессоры Дебба Меруан, БҰҰ-ның «Игілікке арналған ЖИ» бастамасы атқарушы кеңесінің төрағасы Әл Мазруи Эбтесам, Core42 компаниясының мемлекет істері және серіктестік жөніндегі директоры Әл Каисси Талал, Мұхаммед бен Заид атындағы Жасанды интеллект университетінің ректоры және профессоры Тимати Болдуин, Saal.ai компаниясының жасанды интеллект бөлімінің жетекшісі Абдулнаби Абрар, Mubadala Investment Company венчурлық жобалар және даму бөлімінің жетекшісі Әл Мазруи Фарис Сухейл қатысып, пікір білдірді.