Денесіне тату салдырған адамның намазы қабыл бола ма? – ҚМДБ жаңа пәтуа шығарды

Ғұламалар кеңесі денеге сурет салуға тыйым салынғанын және мүмкіндік болса оны кетіру керек екенін айтты.

ҚМДБ-ның мәліметінше, тату дәрет пен намазға кедергі емес, алайда ислам дінінде оны денеге салу үлкен күнә саналады. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ғұламалар татудың харам екеніне бірауыздан келіскен.

– Татуировка – тері астына бояуыштарды ендіру жолымен салынатын адам денесіндегі сурет. Ғұламалар оның харам екеніне бірауыздан келісті. Ол – үлкен күнә. Өйткені ол Алланың жаратылысын өзгерту, көзбояушылық, қанның араласуы себепті нәжіс бояумен бояу, денеге зиян беру болып саналады, – делінген мәліметте.

Ғұламалар кеңесі денеге сурет салуға тыйым салынғанын және мүмкіндік болса оны кетіру керек екенін айтты.

– Денеге татуировка салу – харам, үлкен күнә. Тәубе етіп, мүмкіндік болса, оны кетіруі керек. Татуировканы кетіру денсаулыққа зиян болса, амалсыз қалады. Ол дәретке, намазға және имамдыққа кедергі болмайды, – деп қосты кеңес.