Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару маңызды – депутат

Түркістан қаласында балаларға арналған 200 мыңнан астам кітап бүлдіршіндерге қолжетімді болудың орнына «Farab» ғылыми-әмбебап кітапханасының жертөлесінде сақталып тұр.

Бұл туралы жуырда депутаттардың өңірлерге сапарлары барысында мәжілісмен, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесуінен кейін мәлімдеді, – деп хабарлайды Аikyn.kz

«Farab» кітапханасының ұжымымен әңгімелесу барысында халық қалаулысы кітапхана ісі саласындағы мамандардың, заманауи нысандардың жетіспеушілігіне және кітапханаларды жаңғырту қажеттілігіне назар аударды. Сондай-ақ ол шамамен бір жыл бұрын Шымкенттен Түркістанға көшірілген Ы. Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы мәселесіне жеке тоқталды.

«Мұндай мәдени мұра балаларға қолжетімді болуға тиіс. Кітапхананың өз ғимараты болуы керек. Ы. Алтынсарин атындағы балалар кітапханасын орналастыру мәселесі барлық тиісті мемлекеттік органдар тарапынан ойластырылған іс-қимыл мен үйлесімді шешімді талап етеді. Кітапхананы көшіру – күрделі процесс. Бұл қадамға Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан да тиісті назар аударылуы керек. Қолайлы нысан табу мәселесін шешуде де белсенді көзқарас қажет. Бірлескен күш-жігер арқылы әр кітаптың өз оқырманын табуын және балалардың білім беру ресурстарына толық көлемде қол жеткізуін қамтамасыз ете аламыз», – деді депутат.

Сонымен қатар, депутат елімізде 3 мыңнан астам кітапхана бар екенін, алайда олардың дамуына жауапты ресми органда тек екі маман жұмыс істейтінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар әдебиеті мен кітапханаларды қолдау мәселелерін бірнеше рет көтерді. Ол ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығарудың маңызына назар аударып, кітапханалар мәдени даму мен білім беру орнына айналуы керек екенін атап өтті. Бұл жерде депутаттық корпустың ғана емес, ең алдымен, мемлекеттік органдардың міндеті – саланы қаржыландырудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету», – деді Нұрсұлтан Байтілесов.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясы Президенттің отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыру, адамдарды оқуға ынталандыру және қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдау мәселелеріне қатысты тапсырмаларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Мәселен, бір жылдан астам уақыт бойы «Кітап-AMANAT» партиялық жобасы іске асырылуда. 2024 жылы жоба аясында ел аумағында 23 кітап орталығы ашылып, онда кітаптар қолжетімді бағада сатылуда. Бұл орталықтарда отандық әдеби туындылар ғана емес, сонымен қатар әлемдік бестселлерлер де бар. Сонымен қатар, кітап орталықтары мәдени-ағарту іс-шараларының алаңына айналып, бір жылда 550-ден астам іс-шара өтіп, оған 13 мыңнан астам адам қатысқан.