Шыны зауытының қарқыны қалай?

Бұған дейін «Шыны зауыты қашан ашылады?» деген екіұшты пікір ел арасында қызу талқыланып жүрді.

Олай дейтініміз, алғашқы кезден құрылысы даулы оқиғамен басталған алпауыт кәсіпорынның келешегіне көпшілік күмәнмен қарады. Алайда мамандар тарапынан аталмыш зауыт республика бо­йынша бірегей жоба екені айтылып келді. Себебі өндіріс орнының өнімімен ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелге тасымалдау жағы да жиі сөз болды. 

Біз тілге тиек етіп отырған жоба – Orda Glass ltd серіктестігінің жылдық қуат­ты­лығы 197,1 мың тоннаны құрайтын та­бақ­ша шыны өндіру зауыты. Кәсіпорын 2022 жылдың қазан айында «Қа­зақ­стан­дықтардың әл-ауқатын арттыруға бағыт­талған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылған еді.

Алғашында ісі ілгері баспай, сиыр­құйымшақтанып кеткен кәсіпорын уақыт өте келе жұмысын жүйелі түрде жолға қойғандай болды. Десек те, ел ішінде зауыттың келешегіне деген күмән әлі де сейілмей тұр. «Өндіріс орны не өндіріп жатыр?» деген сұрақ көптің көкейінде тұрғаны жасырын емес. Осы орайда тиісті орындарға хабарласып зауыттың бүгінгі аяқалысын бағамдап көрдік. 

Қызылорда облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының берген мәліметіне сәйкес, республикада алғаш іске қосылған ірі инновациялық зауытқа әу баста 42 млрд теңге көлемінде шетелдік инвестиция тартылыпты. Зауыт мемлекеттік қолдау шарасы ретінде барлық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Кәсіпорынға Қызылорда қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағынан 50 гектар жер телімі де берілген. 

Басқарманың ресми ақпаратына сәйкес, зауыт іске қосылғаннан бастап 31,4 млн шаршы метр шыны өндіргенін алға тартады. Бүгінде кәсіпорын өндірілген өнімнің 70 пайызын ішкі нарыққа, 30 пайызын Өзбекстан, Қырғызстан, Тә­жікстан, Грузия және Ресей елдеріне экс­порттап жатса керек.

«Бүгінде кәсіпорынның аяқалысы көз қуантады. Шығарылған шыны өнімдері сапасына қарай әлемдік стандартқа сай деп айтуға толық негіз бар. Атап айтсақ, бүгінде зауыт 8 түрлі қалыңдықтағы шыны өндіреді. Оның ішінде, өндіріс орнында үлкен көлемді және ауыр салмақты шыны табақшаларын, яғни өлшемі 6*3,2 м құ­райтын «джамбо-стеклоларды» жинақтау үшін 4 робот қолданылады. Бұдан өзге өңірге инвестициялар тарту, өндірістік кооперацияны дамыту және жаңа жоба­ларды іске асыру мақсатында – 2023 жыл­дың маусым айында Қызылорда об­лысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Қытай Халық Республикасына іссапармен барғаны белгілі. Соның нәтижесінде, былтырғы жылдан бастап құны 15 млн доллар тұратын, қуаттылығы жылына 5 млн шаршы метрді құрайтын энергия үнемдейтін әйнек шығаратын кәсіп­орын­ның жаңа желісі де іске қосылды. Энергия үнемдейтін шыны өндіру үшін зауыттағы жоғары сапалы М0+ маркалы шыны қолданылады», – делінген басқарманың ресми мәлімдемесінде. 

Былтырғы жылдың соңына таяу Ор­талық коммуникациялар қызметінің ұйым­дастыруымен өткізілген брифингте облыс әкімі зауыт жанынан алдағы уақытта 8 ілеспе кәсіпорын ашылатынын тілге тиек еткен болатын. Бұл тұрғыда басқарма тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жат­қанын мәлімдеп отыр. Яғни, шыны за­уыты оның айналасындағы ілеспе кә­сіпорындарды дамытуға тың серпін бе­ретінін алға тартады. Бұл тұрғыда қазірдің өзінде «Комфорт-1 KZ» серіктестігі өз өндірісінде шыны зауытының өнімдерін пайдаланады. 

Негізінен, аталмыш кәсіпорын 2017 жылдан бастап заманауи және автомат­тандырылған технологияларды қолдана отырып, уақыт пен климаттық тексеруден өткен ең сапалы екіқабатты терезелерді және әйнектерді өндіре бастаған. Қазір кәсіпорында 60 адам жұмыс істейді. Ал өндірген өнімдері Қазақстанның барлық өңіріне жеткізіледі екен. Компания екі­қабатты терезелердің 7 түрін шығарады.

Сол сияқты құны 5,5 млрд теңгені құрайтын «Шыңдалған шыны өндірісін кеңейту және автомобиль шынысын өндіру» жобасын іске қосу бастамасы да жоғары маңызға ие. Бүгінде аталмыш жобаға 4 гектар жер телімі де берілген.

Бұған қоса, қытайлық инвестор тара­пынан алдағы уақытта 2 кезеңнен тұратын жаңа инвестициялық жобаны іске асыру күтілуде. Бұл тұрғыда бірінші кезеңде құны 5 млн АҚШ долларын құрайтын қуат­тылығы жылына 200 мың тонна бо­ла­тын кварц құмын өңдейтін цех салу көзделген. Ал екінші кезеңінде құны 50 млн АҚШ доллары болатын қуаттылығы тәулігіне 500 тонна күн фотоэлектрлік шы­ны өндіру желісін салу жоспарда тұр екен. 

«Алдағы уақытта өндірістік коопе­рацияны дамыту бағытында неміс бизнес-қауымдастық өкілдерімен және ірі компанияларымен тиімді байланыстар орнатылды. 2023 жылдың маусым айында Германия Федеративтік Республикасының Президенті Ф.Штайнмайердің Қазақстанға іссапары аясында Астана қаласында өткен бизнес-форумға облыстың арнайы де­легациясы қатысқан болатын. Осы форум шеңберінде Medal Group GmbH, Horn Glass және Wehrhahn GmbH компания­ларымен облыста тау-кен байыту ком­бинаты, фиброцемент, газобетон және құрғақ құрылыс қоспалары өндірістерін құру, сондай-ақ шыны кластерін құру аясында шыны бөтелкелер зауыты жо­баларын жүзеге асыру туралы меморан­думдарға қол қойылды. Соның нәтижесінде құны 31 млрд теңге болатын Horn glass германдық технологиясымен Seven Rivers Technologies ЖШС өнімділігі жылына 220 миллион бөтелке шығаратын, шыны қалдығын қайта өңдеу желісі бар өндірісті іске асыруды жоспарлап отыр. Жобаны орналастыру үшін мемлекеттік қолдау шарасы ретінде Қызылорда қаласындағы индустриялық аймақтан жер телімі бе­рілді», – деп мәлімдеді басқарма. 

Жалпы, басқарма тарапынан шыны зауытының жанынан құрылатын шынайы жобалардың әрбірінің өңір экономикасын дамытып қана қоймай, шыны кластерін өркендетуге тың серпін береріне нық се­нім білдіріп отыр. Сонымен қатар ілеспе кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын құруға, өнім түрлерін ұлғайтуға, шетел­дерден келетін тауарлардың орнын басып, отандық нарықты жоғары сапалы өнім­дермен қамтамасыз етуге де мүмкіндік бе­ретінін айтады.

Қалай десек те, елдің сенімін еселейтін бірегей жобалар жүйелі жүргізіліп, жер­гілікті тұрғындардың жұмыспен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік артса деген үміт басым. Халықтың басты тілегі – осы. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы