Олай дейтін себебіміз, қазір Қазақстандағы жылу желілерінің жартысынан көп бөлігі ескірген. Дәлірек айтсақ, елде жалпы саны 13 мың шақырым жылу желісі бар болса, оның 7 мың шақырым желісінің тозығы жеткен. Бұл дегеніміз – Қазақстандағы жылу желілерінің 53 пайыздан астамы ескірген деген сөз. Тозу деңгейінің өсуі түрлі апаттар мен жылу шығындарының көбеюіне әкеліп соғуы мүмкін.
Еліміз бойынша жылу желілерінің жоғары тозу деңгейі байқалатын өңірлердің қатарында Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Қарағанды облысы бар. Былтыр Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында 2030 жылға дейін жылу желілерінің тозу деңгейін 43 пайызға дейін төмендетуге тиіс екенін, ал бұл мақсатқа қол жеткізу үшін жыл сайын шамамен 350 шақырым жылу желілерін жөндеу қажет екенін атап өткен еді. Ал жоспарға сәйкес жөндеу жұмыстарын сәтті жүргізу үшін жылына шамамен
250 млрд теңге қажет. Министрдің дерегінше, былтыр жылу желілерін жаңғырту үшін 128 млрд теңге қарастырылған. Биыл да энергетикалық коммуналдық желілерді жаңғыртуға бағытталған жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жобасы аясында еліміздегі коммуналдық желілерді жаңғырту үшін 7 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Сондай-ақ жобада көзделген тағы бір мәселе – желілерді жаңғырту жұмыстары кезінде ең алдымен тозу деңгейінің 65 пайызынан асатын өңірлер назарға алынады. Жоба аясында еліміздегі 86 мың шақырым желіні жаңғырту жоспары алға қойылған.
Ал алып шаһар Алматыда жылу қуаты жеткілікті ме? Биыл жылу желісінің тозу деңгейін төмендету үшін қандай жобаларды іске асыру жоспарланған? Қазір мегаполисте жылу желісінің тозуы 57 пайыздан жоғары көрсеткішті құрайды. Бұл жылу мәселесі жыл сайын шаһар тұрғындары үшін өзекті тақырыпқа айналатынын көрсетеді.
Алматы қаласының әкімдігі биыл да жылу және электрмен жабдықтау желілерін ауқымды жаңғырту жұмыстары жоспарланғанын жеткізді. Қала әкімдігінің дерегіне сүйенсек, 2025 жылы 40 шақырым жылумен және 240 шақырым электрмен жабдықтау желілерін жаңғырту, сонымен қатар 21 қазандықты қайта жаңарту ісі көзделген. Әкімдік өкілдері қабылданған шаралар инфрақұрылымның тозуын едәуір төмендетуге мүмкіндік беретінін алға тартты. «2024-2025 жылдары жылумен жабдықтау желілерінің тозуы 3,8 пайызға төмендеп, 54,1 пайыз болса, электрмен жабдықтау желілерінің тозуы 1,7 пайызға азайып, 63,3 пайызға жетеді», – дейді Алматы қаласының әкімдігі.
Алматыда былтыр аяқталған жұмысқа назар салып қарасақ, 2024 жылы қалада 20 шақырым жылумен жабдықтау желілері, 220 шақырым электрмен жабдықтау желілері жаңартылып, 85 қазандық қайта құрылды. Қала әкімдігінің мәліметінше, жөндеу жұмыстары тұрғындарға қолайсыздық тудырмау мақсатында жылытуаралық кезеңде жүргізілген. Мәселен, Алматы қаласының Медеу ауданында 1986 жылы төселген құбырларды ауыстыру жұмыстары соңына жетсе, Құрманғазы көшесінде ұзындығы 305 метр учаске жаңартылған. Онымен қоса төрт нысан мен бес көпқабатты үй жылумен қамтамасыз етілді.
«Алматы жылу желілері» ЖШС техникалық директоры Темірхан Әлжан қалада былтыр 20 шақырым жылу желісін жаңғырту жоспарлсанса, биыл бұдан да жоғары көрсеткішті қамтитынын, сондай-ақ жаңа желілердің қызмет ету мерзімі 30 жылдан басталатынын жеткізді.
Қалада өткен жылдың қазан айында басталған жылыту маусымы қазір штаттық режимде өтіп жатыр. Жылыту жүйесіне 8 863 көпқабатты тұрғын үй, 404 білім беру және 128 денсаулық сақтау нысаны қосылған.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы