Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова тағы алданып қалғанын айтты

Жұлдыз Әбдікәрімова Полиция департаментінің қызметкерлері одан министрліктің қабылдауына бармауын сұрап, күндіз-түні хабарласқанын айтты.

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова үйіне қатысты дау әлі шешілмегенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ол үйіне қатысты мәселе бойынша өзін алдап кеткен әйелмен кездескенін, алайда ол тағы сөзінде тұрмағанын жеткізді.

"Жаңа жылдың алдында бірнеше рет Диляра қоңырау соқты. Ұялымды көтермегендіктен, дыбыстық хабарлама алдым. Жолдамасында ол кешірім сұрап, эмоцияның күшімен маған қарсы пресс-конференция бергенін, барлық болып жатқан жайттарға өкінетіндігін жеткізіп, кездесу сұрады. Мен өз тарапымнан жауап бердім. Егер нақты ұсыныс болса, тыңдауға дайын екендігімді бұған дейін де жария естіртіп келгенмін. Екі тарап адвокаттарымызбен бірге кездестік. Алайда Дилярадан маған бұл жолы да мардымды ұсыныс болмады. Керісінше, мен нақты талаптарымды қайта ескерттім. Ол сол сәтте 2 күн уақыт беруімді сұрады. Осы екі күнде барлық талаптарымды орындайтынын өз аузымен айтты. Мен сұраған уақытына келісіп кеттім. Бұл қаңтардың 6-сы күні болды. Жоспар бойынша біз 8 қаңтар Ішкі Істер министрлігіне осы сот ісі бойынша қабылдауға жазылып қойған едік", - деді актриса.

Жұлдыз Әбдікәрімова Полиция департаментінің қызметкерлері одан министрліктің қабылдауына бармауын сұрап, күндіз-түні қоңырау шалғанын айтты. Сонымен қатар мақсаты заң бойынша өзіне тиесілі үйді қайтару екенін атап өтті.

"Дилярамен кездесуден кейін маған Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлерінен әр жарты сағат сайын қоңырау келе бастады. Ескерте кетейін, қоңыраулар күндіз-түні болды. Ондағы талап: "Сіз ІІМ-не қабылдауыңыздан бас тартыңыз. Біз 20 қаңтарға дейін сіздің мәселеңіз бойынша оң шешім табамыз..." деп сендірді. Өз еркіммен емес, Полиция департаменті қызметкерінің талабы бойынша, мен министрліктегі қабылдаудан бас тарттым. Енді міне, бүгінгі күнге дейін маған не Диляра, не ПД қызметкері хабарласқан жоқ. Сондықтан мен ІІМ-не қабылдауға қайта жазылдым. Сондай-ақ бұл істегі барлық әсер етуші адамдардың аты-жөндерін, Полиция департаментіндегі қызметкерлерінің тізімдерін жария ету мақсатында, үлкен ашық сұхбатқа келіскенімді жеткіземін. Дилярамен соңғы кездесуде маған айтылған пікір былай болды: сен мені түрмеге отырғызғаннан үйіңді қайтарып ала алмайсың! Ескертемін, менің мақсатым біреуді түрмеге отырғызу емес. Бар болғаны заң бойынша өзіме тиесілі үйімді қайтаруды ғана көздеймін", - деді актриса.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.