Ақ қар үстінде алтын шаңғы

Осы қыстың басты додасы қысқы Азия ойындарына да санаулы күндер қалды. Ұлттық құрамамыз соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Бірқатар спорт түрлерімен қоса, шаңғы спортынан да топ жаруға мүмкіндік бар секілді. Қалай десек те, «арық айтып, семіз шыққымыз» келеді.

Соңғы жылдары Қазақстанда шаңғы спортының танымалдығы артқаны мәлім. Ұлттық құрама спортшылары халықаралық деңгейде бір­шама жетістікке жетіп, әлемдік аренада бәсе­келестікке қабілетті екенін дәлелдеп келеді.

Мысалға алар болсақ, былтырғы жылдың 21 қарашасында Щучьеде Шығыс Еуропа кубогы өткен еді. Аталмыш сайыста қазақстандық шаңғышылар спринтте барлық медальді жеңіп алды. Атап айтсақ, ерлер арасында бірінші орынды Святослав Матасов жеңіп алса, екінші орын Ильяс Исабекке, үшінші орын Виталий Пухкалоға бұйырды. Әйелдер арасында алтын медальды Тамара Эбель иеленді. Екінші орынға Мария Геращенко, үшінші орынға Анна Мельник шықты. Жалпы, Қазақстан құрамасы алты медаль иемденген.

Кейінірек, Рукада өткен Әлем кубогы кезеңінде спортшыларымыз орташа деңгейде өнер көрсетті. Күткеніміздей үлкен жетістікке жетпесе де, жалпы есепте көрсеткіштерін жақсарт­қаны рас. Аталмыш сайысқа Қазақстан атынан Наиль Башмаков, Федор Карпов, Олжас Климин, Святослав Матасов, Владислав Ковалев, Виталий Пухкало, Ернар Нұрысбеков қатысса, әйелдерден Дарья Ряжко, Надежда Степашкина, Камила Махмутова, Камила Елғазинова, Ангелина Шурыга, Ксения Шалыгина өз бағын сынаған еді.

Кезеңнің қорытындысы бойынша, әйел­дер арасында жеке жарыста 10 шақырым қашық­тықта Дарья Ряжко 30:10.5 көрсеткішімен 59 орын­ға жайғасып, қазақстандықтардың арасынан үздік нәтиже көрсеткен. Дәл осы сайыста ерлер арасында Наиль Башмаков көзге түсті. Оның көрсеткіші 25.42.1 болды. Дей тұрғанмен, ерлер арасындағы спринтте Святослав Матасов 1/4 финалға дейін жетті. 

Шаңғы жарысынан Қазақстан құрамасы қаңтар айынан бастап дайындыққа кірісті. Оқу-жаттығу жиыны Щучье қаласында өтіп жатыр. Әзірге тек кеңейтілген құрам ғана жарияланды. Құрамға Дарья Ряжко, Камила Елғазинова, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга, Анна Мельник, Святослав Матасов, Виталий Пухкало, Владислав Ковалев, Ернар Нұрысбеков, Фёдор Карпов, Олжас Климин, Константин Борцов, Наиль Башмаков, Дастан Қалыбеков кірді.

2017 жылы Соппорода өткен жарыста Қазақстанның атынан Ринат Мухин топ жарған болатын. Бұл шаңғы жарысынан жеңіп алған жалғыз алтын медаль еді. Отандасымыз 15 шақырым қашықтықта еркін стильде алтын медальға ие болды. Дәл осылай ол жапониялық Наото Баба мен Акира Лентингті басып озды. Мухиннің көрсеткіші 41:25.3 құрады. Сергей Черепанов – төртінші, Николай Чеботько – бесінші және Ердос Ахмадиев алтыншы орынға тұрақтаған еді.

Сондай-ақ қазақстандық шаңғышы Елена Коломина 10 шақырымдық еркін стильдегі жарыста қола медаль жеңіп алған болатын. Бұл жарыста 30:24.6 минут нәтижесімен жарыс қожайыны Юки Кобаяши жеңімпаз атанған. Коломина жеңімпаздан 49.8 секундқа қалып қойды. Сонымен қатар қазақстандық классикалық стильдегі спринтте күміс медаль еншілеген еді.

Ал 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен қысқы Азия ойындарын еске алсақ. Сол жылы Қазақстан құрамасы айтарлықтай үстемдік танытты. Шаңғы жарысынан отандастарымыз алты медаль жеңіп алды. Дәл осылай ұлттық құрама медальдар кестесінде бірінші орынмен жарысты аяқтады. Екінші орынға бес алтын медальмен Жапония құрамасы жайғасқан еді.

Ұлттық құрама бас бапкері Александр Батяйкиннің айтуы бойынша, дәл қазір спортшылар іріктеу кезеңдеріне дайындалуда. Ал негізгі жаттығу кезеңі 22 қаңтарда Алматы қаласында басталады. Негізгі көшбасшыларға назар аудару маңызды әрине, бірақ осы жылғы Азия ойындарында барлық спортшылардың толықтай әлеуетін ашуға мүмкіндігі көп. 

Негізгі бәсекелестікке қабілетті құрамаларға келер болсақ. Басты қарсылас Қытай құрамасы екені анық. Себебі бұл жолы Азиада сол аймақ­та өтеді. Бұл жағдай құрама спортшыларына сенімділік берері сөзсіз. Дей тұрғанмен, Жапония мен Оңтүстік Кореяны ысырып тастауға бол­майды. Мысалы 2017 жылы өткен ойындарда Жапония құрамасының шаңғышылары керемет нәтиже көрсетті.

Ал соңғы жылдары өткен Әлем кубогы кезеңдерінде Жапония спортшылары Наото Баба, Рё Хиросэ, Харуки Ямасита бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Атап айтсақ, Наото Баба 254 ұпаймен жекелей сында жалпы тізімде 31 орынға жайғасты. Сондай-ақ 2025 жылы 5 қаңтарда Италияда өткен жарыста Наото Баба масс-стартта 10 шақырым қашықтық бойынша, еркін стильде 9 орынға тұрақтаған. Оның нәтижесі 33:22.2 құрады. Сондай-ақ Рё Хиросэ 33:31.4 нәтижесімен 11-ші болып мәреге жеткен.

«Қытайдың қазіргі деңгейін тек Азия ойындарында ғана көреміз. Бұл құрама әзірге жұмбақ болып тұр. Олар күтпеген жерден алға озуы мүмкін. Универсиада нәтижелері арқылы белгілі бір болжам жасауға болады. Дегенмен олардың ұлттық құрамасына іріктеу қатаң болғандықтан, бұл елде биатлон жақсы дамып келеді», – деп атап өтті Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елена Хрусталева.

Иә, қысқы Азия ойындарында биатлоннан Қазақстан құрамасы басқа елдерге дес бермей, азулы қарсылас болып келе жатқанына біршама жыл болды. Жалпыкомандалық медальдар кестесінде 19 алтынмен бірінші орында тұрғанымыз соның дәлелі. Бізден кейін Қытай 15 алтынмен, ал Жапония 11 алтынмен із жалғап келеді.

Құрамалар арасында айтарлықтай үлкен айырмашылық жоқ. Мысалы, Қазақстан жерінде 2011 жылы өткен Азиадада барлық бірінші орынды жеңіп алу мүмкін болмады. Қарсыластарымыз жақсы өнер көрсетті, ал ерлер арасындағы жеке жарыста барлық жүлделі орындар Жапония мен Қытайға бұйырды.

Өзге командалардың дайындығы туралы, әсіресе Қытай құрамасының деңгейі туралы нақты айту қиын. Олар Әлем кубогы кезеңдерінде сирек өнер көрсетеді, тек белгілі жарыстарға қатысады. Қытайлықтар көбінесе жергілікті деңгейде дайындалады. Ал осы жылғы Азиада Қытайда өтеді, сондықтан олардың дайындығы өте жоғары болуы мүмкін.

2025 жылғы Қысқы Азия ойындарының ресми сайты Харбинде (Қытай) билеттерді сатудың басталғанын хабарлады. Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, билеттерді ресми сайттың Tickets бөлімінде немесе арнайы билет платформасы арқылы сатып алуға болады. Сондай-ақ WeChat қосымшасы арқылы да сатып алу мүмкіндігі бар.

Қазіргі кезеңде мұз үстінде өтетін бес спорт түріне арналған билеттер қолжетімді: хоккей, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және кёрлинг. Ең қымбат билеттің бағасы 800 юаньды (57 634 теңге), ал ең арзаны 120 юаньды (8 645 теңге) құрайды. Кейбір спорт түрлері үшін әртүрлі баға санаттары ұсынылған.

Айта кетейік, шаңғы жарысы, тау шаңғысы, ски-альпинизмі, биатлон және фристайл-акробатика бойынша жарыстар шектеулі орындарға байланысты билетсіз өтеді.

Қорытындылай келе, биылғы жарыс бәсекеге толы болмақ. Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай құрамаларының спортшылары сақадай сай десек артық айтпаймыз. Ұлттық құраманың бас бапкері де мұны сеніммен ай­тып отыр. Біздің спортшыларға қысқы Азия ойындарына дайындалуға уақыт жеткілікті. Қазақстандық шаңғышылар аталмыш додада үздік нәтиже көрсетеді деген үмітіміз де жоқ емес. Бастысы, үміт үзілмесін!

Әсет ҚАЛИ