Астанада Жас ғалымдар кеңесі Президиумының жаңа басшысы сайланды

Кеңес Ұлттық ғылым академиясының жанында жұмыс істейді

Кеше Астанадағы «AMANAT» партиясының орталық аппараты ғимаратында ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі Президиумының 2025 жылға бірінші кеңейтілген отырысы өтті.  Жиында Президиумның жаңа төрағасы мен оның орынбасары таңдалды.

Естеріңізде болса, былтырғы жылы ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясында тәуелсіздік жылдарында алғаш рет Жас ғалымдар кеңесі құрылып, оның Президиумы бекітілген болатын. Бүгінде Кеңес – Академияның консультативтік-кеңесші органы. Оның негізгі мақсаты – жас ғалымдардың құқықтарын қорғау және мүдделерін ілгерілету, олардың кәсіби мансабына қолдау білдіру.

Биыл оның төрағасы Ұлттық биотехнология орталығының Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты, PhD, қауымдастырылған профессор Мақсат Жабағин болды. Оның кандидатурасын ашық дауыс беру арқылы төралқа мүшелері бірауыздан қолдады.  Ал оның орынбасары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Шахислам Лайшханов болды. 

Жиынға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Аманат» партиясының фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев елдегі ғылым саласының дамуына үлес қосу керегін қозғап, жас ғалымдардың бастамаларына ізгі ниетін білдірді.

– "AMANAT" партиясы қазақстандық ғалымдардың қызметіне, яғни олардың ғилими және зерттеу тұрғысында қолдау көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқанда АЭС салу - бұл үлкен проактивті және прогрессивті шешім. Әрине, ол біздің ел үшін оңай шешім емес. Ядролық сынақ басымыздан өткеннен кейін бойда үрей, қорқыныш қалғаны бар. Бірақ қазір АЭС мүлдем ондай емес. Мемлекет басшысының осы жобасында ғалымдардың қолдау көрсетуі, бұл сіздердің Президентіміздің жүргізіп отырған саясатына деген сенімдеріңіз. Сіздер ғылымға қадам басқан соң біз сіздерден жаңа, тың жаңалықтар күтеміз. Себебі, ғылымға жаңалық ашатын өздеріңізсіздер. Президиумның мүшелерін жаңа төраға тағайындалуымен құттықтаймын, алдағы жыл еліміздің барлық ғалымдар үшін жемісті өтеді деп сенемін", –  деді Елнұр Бейсенбаев.

Одан басқа отырысқа ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-заки  және Президиум мүшелері қатысты. Перзидиумның құрамына Қазақстанның 31 ғалымы кіреді. Офлайн және онлайн форматта өткен жиында ғалымдар бірқатар маңызды мәселелерді көтеріп, соның ішінде қаржыландыру және ғалымдардың құқықтарын қорғау қажеттігін қозғады. Әсіресе, "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңына өзгерістер немесе толықтырулар бойынша ұсыныстар ұсынылды. Жас ғалымдар кеңесі депутаттарға заң жобасына халықаралық ғылыми практика стандарттарына сәйкес келетін «жас ғалым» ұғымын енгізуді сұрады. Бұл ұсынысты жас ғалымдардың омбудсмені Муслим Хасенов  талдамалық баяндамасында айтты.  

–  Бүгінде бұл ұғым ғылым туралы заңда және басқа да заңға тәуелді актілерде анықтаусыз қолданылады, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерін гранттық қаржыландыру жөніндегі жыл сайынғы конкурста, сондай-ақ Мемлекет басшысының Үкіметке «Жас ғалым» жобасы шеңберінде зерттеулер жүргізуге 1000 грант бөлу жөніндегі тапсырмасында (жас ғалымдар) және жас ғалымдарды Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының қызметіне тартуда қолданылады, – деді ол. 

Сонымен қатар Кеңестің бір жылға арналған жұмыс жоспары, Ережелер бекітілді.