Кадр резервінде тұрған 50 адам басшылық қызметке тағайындалды

2023 жылдан бастап жаңа форматтағы көшбасшыларды іріктеу мен оқыту үшін «Білім берудегі өзгерістердің 1 000 көшбасшысы» жобасы жүзеге асып келеді.

Бағдарламаның бірінші жылында 207 қатысушы республикалық кадр резервіне алынып, оның 180-і мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшылары болып тағайындалған. Бұл туралы Аikyn.kz  Оқу-ағарту   министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды. 2024 жылы аяқталған екінші лектің нәтижесінде 376 педагог қабылданып,  олардың 50-і мектеп директоры, 40-қа жуығы директордың орынбасары қызметіне кірісіп кеткен.
 
Жобаға қатысушылардың бірі –  Мейрам Бектеміров. Петропавл қаласындағы қалалық мектепте жұмыс істегеннен кейін 2025 жылдың қаңтарында Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы ауылдық мектептің директорына тағайындалған.
 
«Мен жоба туралы өткен жылы біліп, белсенді түрде дайындала бастадым. Бұл – педагогтер үшін үлкен мүмкіндік. Іріктеудің барлық кезеңдерінен сүрінбей өттім. Байқаудың кәсіби шеберлікті ғана бағалап қоймай, күнделікті тапсырмаларға жаңаша көзқараспен қарауға көмектесетінін түсіндім. Бұл тәжірибе басқа тәсілдерді ойлап табуға және кәсібилігімді байытуға мүмкіндік берді. Бүгінде мектебімізде оқу үдерісін ұйымдастыруды айтарлықтай жеңілдететін ASC Timetable жүйесін пайдалана отырып, инновациялық жоспарлау бағдарламасы енгізілуде. Өңірдегі әріптестеріммен тәжірибемді бөлісемін, – деді Мейрам Бектеміров.
 
Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісімен жобаны жүзеге асыруда. 2024 жылы жобаға қатысуға ниет білдірушілер саны алдыңғы жылға қарағанда 2,5 есеге артқан. Бағдарламаға балабақша, мектеп және колледж мұғалімдері қатысуда.
 Іріктеу бес кезең бойынша өтті: кәсіби және басқарушылық құзыреттерді бағалау бойынша тестілеу, оқу, еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және республикалық комиссиядан әңгімелесуден өту.