Қазақстанның Халық әртісі, әнші Нұрғали Нүсіпжанов әйгілі композитор, домбырашы Нұрғиса Тілендиев туралы ерекше естелігін бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әнші 51 жыл бойы бірге жүрген сазгерге деген сағынышын жеткізді. Нұрғали Нүсіпжанов желідегі ресми парақшасында "Ауруханадағы ой-толғам" деген тақырыппен бірнеше жазба жариялаған. Олардың дені өнердегі ағасы Нұрғиса Тілендиев туралы.
"Сәулелі сәттерім, шуақты шақтарым". Нұр Аға – менің мәңгілік сағыныш, мұңыма айналған алтын жүректі асылдардың ішіндегі айрықша асыл адам. Аяулы ағаммен 51 жыл сырлас болдым, 51 жыл мұңдас болдым, 51 жыл сапарлас болдым. Достығымыз бір туған бауырлыққа ұласқан бақытты ұрпақтармыз. Жарықтық, менің кір жуып-кіндік кескен Алтын Емелімді мысыр шаһарынан артық көретін. Анамның ақ дастарханынан талай дәм татып, ауылыма барып аунап-қунап та қайтатынбыз. Тумаса да, туған ағатайымдай қорған болды, мейіріне бөледі, қамқорлығын да аямады. Мені еркелетіп "Нұрғаш" деуші еді. Бірер күн көрмей қалса "Аңсатып, сағындырып қайда жүрсің, тез жет", деп қоңырау соғатын. Аға сөзі екі рет қайталанбайды, тіпті талқыланбайды. Обалы нешік, ол кісінің бір сөзін екі еткен кезім болған емес. "Жет», деді ме, өліп-тірілсем де жетем. Филармонияда кездесеміз. "Отырар сазының" репитициясы қызып жатады. Тұғырына қонған қырандай Нұр ағаң қырағы еді ғой. Есіктен енгенімнен "коронный әндерімен" оркестрді дүркіретіп ала жөнеледі. "Сарыжайлау" дейсіз бе, "Өз елім" дейсіз бе, "Алатау" дейсіз бе, қойшы әйтеуір менің даусыма арнап жазған әндерін бір-бір әуелетіп айтқызып, айызы қанған соң ғана құшағына ыстық ықыласпен қысатын. Сонда: "Қайда жүрсің адалым-ау, жалғызым-ау", - деп маңдайымнан өпкенде, екі көзінен аққан жас кеудесін жуып тұратын. Нұр аға да, мен де бір-бір қара шаңырақтың жалғыз, жарым қара сирақ балаларымыз ғой. "Адалым-ау, жалғызым-ау" деп аға егілгенде, іштей мен де езілетінмін. Жалғыздың жалқы көңілін асылы жалғыз ғана айтқызбай ұға алса керек-ті, ұғына алса керек-ті… Жасырып, жаба тоқып қайтейін, бұл күнде жүрегім жараланса, жаным жадап-жүдесе, Нұр ағам ойға оралады. Жанарыма ыстық жас үйіріледі… "Қалай болғанда да, Нұрғиса Тілендиевтің: "Адалым-ау, жалғызым-ау" деген екі ауыз сөзін мен ешбір атақ-даңққа айырбастай алмайтынымды анық білем. Сөз басында айтқанымдай, Нұр ағаңды алтынға балаймын. Мен мүмкін сол алтынның жәй ғана сынығымын. Нұр Ағам тау болғанда, бәлкім сол таудың бір етегімін. Ота алдында ардақты Ағама құрмет сезіммен есеп беруді інілік ізетім деп ілтипат таныттым", - деп жазды өнер иесі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.