Түркияда тау-шаңғы шипажайындағы өрттен 66 адам қаза тапты

Өрт басталғанда демалушылардың дені ұйқыда жатқан.

Түркиядағы тау-шаңғы шипажайындағы өртке байланысты 22 қаңтар аза тұту күні деп жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап. 

Соңғы мәлімет бойынша оқыс оқиғадан 66 адам қаза тапқан.

Тілсіз жау Болу провинциясында орналасқан 12 қабаттық қонақүйдің мейрамханасынан басталған. Жалын әп-сәтте ағаштан жасалған ғимараттың басқа бөліктерін шарпыған. Тап осы уақытта демалушылардың дені ұйқыда жатқан.

Ыстамбұл мен Анкарадан шамамен 3 сағаттық жерде орналасқан бұл шипажай – Түркияның қысқы туризм орталықтарының бірі.

500 кісілік қонақүйде 234 демалушы болған. Әзірге қаза тапқандар мен зардап шеккендердің есімі жария етілмеді. Дегенмен алдын ала ақпарат бойынша арасында Қазақстан азаматтары жоқ.

Өрттің нақты себебі белгісіз. Оқиғаға қатысты тергеу амалдары басталды. Осы оқиға бойынша 4 адам ұсталған. Бұл жағдайды президент Режеп Тайып Ердоғанның өзі жеке бақылауына алды.

– Өрт туралы хабар жеткен бойда өңірге министрлер мен командаларымызды жібердік. Өртті сөндіруге 156 техника мен жеке құрамның 428 адамы жұмылдырылды. Өрттің шығу себебі мен кінәлілерді анықтау үшін тергеу амалдары басталды. 4 адам ұсталды. Мұндай қайғылы оқиғаға себепкер болғандар заң алдында жауап береді. 22 қаңтар ұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Ертең еліміз бен шетелдегі өкілдіктерімізде туымыз төмен түсіріледі, – деп мәлімдеді Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған.