Қатармен бірқатар халықаралық келісімді қарайды

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Депутаттарға Қатар мемлекетімен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және ұстап беру туралы келісімдерді ратификациялау жөніндегі заң жобаларын қарастыру ұсынылды. Келісімде қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері жөніндегі ынтымақ­тастыққа жауапты орталық органдар айқындалып, өзара іс-қимыл мәселелері реттеледі. Сондай-ақ процестік әрекеттерге қатысушылардың құқықтары белгіленеді. Экстрадициялау туралы келісім екі елдің құзыретті органдары арасындағы қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін адамдарды беру мәселелеріндегі құқықтық қатынастарды реттейді.

Екінші оқылымда мәжілісмендер денешынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы заң жобасын қарайды.

Сондай-ақ Мәжіліске келіп түскен жаңа заң жобалары күн тәртібіне енгізілді. Олардың қатарында тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау мәселелері бойынша түзетулер және жеке тұлғаларға лизинг енгізу мәселелері бар.

Мейір ЖАСЫН