Партиялық билеттерді табыстау рәсімінде «AMANAT» партиясының Хатшысы, Әйелдер қанатының төрайымы Шолпан Каринова партия ең алдымен құндылықтары мен мақсаттары ортақ жандардың ұйымы екенін атап өтті.
«AMANAT» партиясы – елдің негізгі саяси күші әрі Мемлекет басшысының басты қоғамдық тірегі. Партия мүшелерінің басым көпшілігі – әйелдер екені айрықша маңызға ие. Олардың үлесі шамамен 66%-ды құрайды. Сондықтан әйелдердің қоғам өмірінде және елдің жан-жақты дамуы жолында шешуші рөл атқаратынын сеніммен айта аламыз. Біз әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуы, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, сондай-ақ гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін жүйелі түрде жұмыс істеп келеміз», – деді ол.
Партия Хатшысы жаңа мүшелердің «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын сапалы жүзеге асыруға, сондай-ақ сайлаушылардың сенім деңгейін арттыруға өз үлестерін қосып, тың идеялар енгізуіне барлық мүмкіндіктері бар екенін де атап өтті.
Партия қатарына қабылданғандардың арасында белгілі параспортшы Айсұлу Сүлейменова, Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі мен гендерлік теңдікті дамыту коалициясының мүшесі Сания Ирсалиева, «Отбасы банк» АҚ Астана қалалық филиалының директоры Жанар Ізімбетова және тағы басқалар бар.
«Бүгін партия қатарының толықтырылуы – жай ғана ресми рәсім емес. Бұл – елорданың белсенді және мақсатшыл әйелдерінің қоғамымыздың дамуына жауапкершілік алуға дайын екендігінің айқын көрінісі. Олардың кәсіби тәжірибесі, энергиясы мен тың идеялары партия мақсаттарын жүзеге асыру мен азаматтардың бізге деген сенімін арттыру жолында қуатты серпін беретініне сенімдіміз», – деді «AMANAT» партиясы елордалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.
Ә.САМАТҰЛЫ