Соңғы екі жылда бұл нарықта құлдырау байқалған еді. Counterpoint Technology Market Research биыл қаңтарда жарияланған зерттеуінде ақылды қалтафон сатушы үздік үштікке Samsung, Apple және Xiaomi кірген. Былтыр құны 1000 АҚШ долларынан асатын ультрапремиум смартфондар көп сатылған.
Counterpoint зерттеу бөлімінің жетекшісі Тарун Патактың айтуынша, 2024 жыл алдыңғы қиын сәттерден кейінгі (әсіресе, 2023 жылы соңғы онжылдықта ең төменгі сатылым көрсеткіші тіркелді – сатылым 3,2 пайызға төмендеген еді) тұрақтандыру жылы болды. «Смартфон адамның күнделікті тұрмысына аса қолайлы өнім болып қала бермек. Әрі макроэкономикалық қысымның әлсіреуі себебінен былтыр бұл нарық барлық аймақта (әсіресе, Еуропа, Қытай және Латын Америкасы) оң динамика көрсетті», – деп атап өтті сарапшы.
Samsung 12 жыл «тақтан» түспеді
2024 жылы аталмыш саланың көшбасшысы – Samsung болды. Бұл компания 2010 жылдан бері аттай 12 жыл бойы тақтан түспеді, тек 2023 жылы Applе-ге есе жіберген болатын. Былтырғы жылдық сатылымы 1 пайызға артып, Оңтүстік Корея өндірушісінің нарықтағы үлесі 19% деп бағаланды. Galaxy S24 сериялы смартфон жасанды интеллектімен жабдықталған құрылғы ретінде ұсынылып, Батыс Еуропа мен АҚШ-та көп сатылды. Соңғы бірнеше жылда Samsung компаниясы Apple-ге қарсы айқын қақтығыс бастағандай. Олардың әрбір флагманы «бізде жақсы экран/процессор/камера» деп айқайлап тұрады. Жоғары деңгейдегі үлгілері қымбат, сапалы құрастырылады және таңданардық сипаттамаларға ие. Apple-ден айырмашылығы, Samsung компаниясында әртүрлі бағада көптеген үлгідегі құрылғы бар. Корейлік брендің басты кемшілігі – One UI қабығы. Бұл базалық Android жүйесіне қосылатын қабат, ол интерфейстің сыртқы көрінісін өзгертеді. Дегенмен бренд үш негізгі тұғырға негізделген: камера, құрастырылу сапасы (сапалы металл мен пластик, былғары элементтер, ешқандай саңылаулар жоқ) және жарқын дисплейлер. Көп сатылған құрылғылары – Galaxy Z (Flip 4, Fold 4, Flip 3 5G), Galaxy S (S21, S22, S22+, S22 Ultra) және Galaxy A (A52, А32, A73).
Apple-ге бір жыл бұйырды
Counterpoint Technology Market Research зерттеуіне сәйкес, былтырғы рейтингте екінші орын Apple-ге бұйырды, нарықтағы үлесі шамамен 18%. Алайда бұл компанияның жылдық сатылымы 2 пайызға төмендеді. iPhone 16 сериясы жайлы тұтынушылар екіұдайы пікірде болады. Құрылғыны сынағандар «уәде етілген» Apple Intelligence жасанды интеллект жабдығының болмауына наразы болды. Дегенмен Apple Латын Америкасы, Африка және Азия-Тынық мұхиты аймағында белсенді сатылды.
Apple смартфон өндіру және сату бойынша соңғы онжылдықтағы рекордын жаңартып, 2023 жылы алғаш рет көшбасшы болды. IDC мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша компанияның жеткізілім көлемі 3,7 пайызға өсіп, 234,6 миллион данаға жетті. Apple-дің әлемдік нарықтағы үлесі 20,1%, ал Samsung компаниясының үлесі 19,4% болды. Оңтүстік кореялық компания 2023 жылы 226,6 миллион смартфон сатқан болатын.
Xiaomi жылдам «өсті»
Ал үшінші орында – Xiaomi, әлемдік нарықтағы үлесі – 14%. Аталмыш Қытай компаниясы былтыр бес жетекші бренд арасында ең жылдам өсім көрсетті. Техносарапшылар Xiaomi нарыққа премиум сападағы құрылғылар ұсыну нәтижесінде 12 пайыздық өсімге қол жеткізе алғанын айтты. Xiaomi – қытайлық смартфондарға тұтынушылар сенімін ұялатуға септескен үздік бренд деуге болады. Xiaomi қалтаға қонымды құрылғыдан бастап құны едәуір қымбат тұратын люкс жабдықтарға дейін нарыққа шығара алды. Xiaomi компаниясының фирмалық қабығы (Android жүйесіне қосылатын қабат) көптеген стандарттан тыс қызметтер ұсынады: мысалы, тұрмыстық техникаға арналған әмбебап ИК-пульт, екі құрылғы арасында файлдарды сымсыз тасымалдау мүмкіндігі және тағы басқа. Алайда кейде бұл функциялар қате жұмыс істеп, кириллица немесе жергілікті қосымшаларға толық үйлеспей жатады (мысалы, NFC мәселесінде еуропалық стандарттар қытайлықтарға сәйкес келе бермейді). Сондықтан белгілі бір үлгіні таңдамас бұрын толық шолуына зер салған абзал. Компанияның көп сатылған құрылғылары – Xiaomi 11, Xiaomi 12, Redmi және Poco (M5, X4, F4).
Huawei – бүктелетін смартфон үздігі
Былтыр бүктелетін смартфондардың әлемдік сатылымы 2023 жылмен салыстырғанда, 49 пайызға артты, ал Huawei компаниясы алғаш рет осы салада ең ірі өндіруші атанды. Бүктелетін дисплейі бар смартфонды 5G байланысымен жабдықтай алғаны үшін Huawei айтарлықтай нәтиже көрсетті: бұл құрылғылардың жылдық сатылымы 257 пайызға артты, ал қытайлық өндірушінің нарықтағы үлесі 14%-дан 35%-ға дейін өсті. Осылайша, Huawei компаниясы Samsung-ті (жылдық сатылымы 42%-ға төмендеді) қапыда қалдырып, бүктелетін экранды смартфондар нарығында жетекші орынға шықты.
Counterpoint зерттеуінде 2024 жылдың бірінші тоқсанында кітап тәрізді жабылатын құрылғылар бүктелетін смартфондардың нарығында 55 пайыздық сатылымға ие болды. Мұндай иілгіш жабдықтардың сатылымы 2021 жылдан бері алғаш рет үздік нәтиже көрсетті. Жалпы алғанда, бүктелетін құрылғылар нарығы әртүрлі брендтер, соның ішінде OnePlus және Vivo сияқты компаниялардың жаңа үлгілерінің пайда болуымен белсенді дамып келеді.
Асыл ТҰМАР