Әйелдерге күйеуінің тегін алу харам ба? – ҚМДБ жаңа пәтуа шығарды

Тұрмысқа шыққан әйел өз әкесінің атымен аталуы тиіс, күйеуі де оны өз тегін алуға мәжбүрлеуі дұрыс емес.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі әйелдің күйеуінің тегін алуына қатысты пәтуа шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

ҚМДБ өкілдері шариғат бойынша әр адам өз тегімен аталуы тиіс екенін айтты.

Алла Тағала Құранда: «Асыранды балаларыңды өз әкесінің атымен атаңдар. Алланың құзырында ең дұрысы сол» деп бұйырды, – деп еске салды ҚМБД.

Осы аятты алға тартып кейбір ғалымдар тұрмысқа шыққан қызға күйеуінің тегіне өтуге тыйым салса, кейбір ғалымдар әйелдің күйеуінің тегіне өту ғұрыпта қалыптасқан әрі елге таныту мақсаты болса, оқасы жоқ деп мәлімдеді. 

– Өйткені Құранда: «Нұхтың әйелі және Лұттың әйелі» деп әйелдерді күйеуінің атымен танытып тұр. Әбу Сағид әл-Худриден (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте: «Мәсғудұлының әйелі Зейнеп (Алла оған разы болсын) Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, (кіруге) рұқсат сұрайды. «Уа Алланың Елшісі! Зейнеп кіруге рұқсат сұрап тұр», – дегенде, ол: «Қайсы Зейнеп?», – деп сұрайды. «Мәсғудұлының әйелі», – деп жауап береді. Ол: «Кірсін», – дейді. Сонда оған кіруге рұқсат береді», – делінген.

Сондықтан тұрмысқа шыққан әйел өз әкесінің атымен аталуы тиіс. Оны өзгерту – харам. Ал күйеуінің тегіне ауысуының оқасы жоқ, бірақ міндетті емес. Күйеуі де оны өз тегін алуға мәжбүрлеуі дұрыс емес.