Қап түбінде картоп жатпайды

Жаңа жыл басталғалы тосыннан картоп тапшылығы туындады. Ірі қалаларда бір қолға 5 келіден артық сатпауға қатысты қатаң шектеу енгізілді.

Жұртшылық сол бес келінің өзін таппай сенделді. Шенеуніктер картоп қоры ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткілікті екенін мәлімдеді. Фермерлер мен саудагерлер бұл мәлімдемемен келіспейді. Проблеманың өрісі кең болып шықты. Бүкіл әлемде картоп жетіспеу­шілігі күшейген.

Сөре қаңырап қалмасын...

Мақаланы жазбас бұрын Small, Spar, Magnum, Астықжан, Анвар, Galmart сияқты елорданың ірі ги­пер­маркеттерін аралап шығуға тура келді. Бірінде түйнекті дақыл шамалы көлемде болса да саудаға қойылған, басқасында орны қаңырап бос тұр. Бәріне ортақ бір жайт: ақпарат бөлімдерінің қыз­меткерлері бұл жоқшылыққа не себеп болғанын білмейді немесе түсіндіруден басын ала қашады.

– Бізге бұл өнім отандық төрт өн­дірушіден жеткізілетін. Қаңтардың бірінші аптасынан соң жеткізілім азайды. Кейін мүлдем құрыды. Жалпы, былтырғы қарашадан бастап көктеген, шірік картоп келді. Бұрын мұндай бол­маушы еді. Біз тез арада Өзбек­стан­ның жас картобына көшіп алдық. Кеше беларустық картоп өндірушілердің дилері шықты. «Бриз», «Гала», «Королева Анна» сұрыптарын көп көлемде жеткізе алатынын айтты. Тиісті сертификаттары бар. Түйнектері де қалпымен ірі, әдемі жұмыр болып келеді. Келісін 70 теңгеден жеткізбек. АШМ-нің рұқсатын күтіп отырмыз, – деді өзін Абзал деп таныс­тырған менеджердің бірі. 

Қазақстандық картоп сапасының неге құлдырағанын қарағандылық фермерлік шаруашылықтың өкілі Бахтияр Тәжиев түсіндірді. 

– Біз біраз жыл картоп егумен айналыстық. Алайда оны өсіру – қымбат, өнімі – арзан болып кеткендіктен, былтыр бас тарттық. Бір жағынан, ел­де бұл өнімнің тапшылығының туын­дауына негіз жоқ сияқты. Өйткені ресми мәліметке сәйкес, былтыр рекордтық 2,9 миллион тонна картоп жиналды. Бұл алдыңғы жылдағыдан 40%-ға көп! Екінші жағынан, фер­мерлерде мол өнімнің бәрін сақтайтын орын жоқ. Бүкіл Қазақстан бойынша 257 картоп қоймасы ғана бар! Олар 499,7 мың тонна өнімді ғана сақтай ала­ды. Сонда 2,4 миллион тонна картоп далада қалады, – деді ауыл шаруа­шы­лығы кәсіпкері.

Бұл ақпаратты мемлекет жүргізген ревизия қорытындысы растады. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұлан-ғайыр астықты сақтау үшін көкөніс қойма­ларын салуға және жаңғыртуға ба­ғытталған тұтас кешенді жоспарды іске асырып жатқанын қайталаудан жалықпайды. Шынында, көкөніс­сақ­тағыштар, тіпті қарапайым қойма көбейетін емес. Салдарынан былтыр жиналған көл-көсір астықтың үлкен бір бөлігі шіріп жатыр. 

Фермерлер Қазақстанда картоп өсіру рентабельді болмай бара жат­қанына назар аудартады. Дүниежүзінде ауа райы қолайлы болса, егін шаруа­шылығы технологиялары сауатты қолданылса, онда сөз болып отырған түйнекті алқаның шығымдылығы әр гектарынан 500-600 центнерден ай­налады. Ал Қазақстанда жақсы өнім жиналды деген 2024 жылдың өзінде гектарынан орта есеппен 236 центнерден ғана келген. Бұл – дамыған елдер түгіл, ТМД көлеміндегі ең бір төмен көрсет­кіш. Айталық, сұрапыл соғыс жүріп жатқан Украинаның азат аймақтарын­да картоптың Ривьера сортының өнім­ділігі – 450-550, Аризона, Раноми, Эсми сұрыптарында 600 центнерге дейін жеткен. 

Өсіру қиын, жеу оңай

Фермерлердің түсіндіруінше, картоп өсірудің өз қиындығы бар. Мысалы, оның арнайы техникалары біраз шы­ғынды талап етеді. Соның ішінде Grimme картопотырғызғышының (картофелесажалка) бағасы шамамен 5-10 миллион теңге аралығында. Заманауи картоп жинаушы комбайн құны 27-40 миллион теңге аралығында. Бұдан бөлек, топырақ өңдеуші техника, трактор, тіркемелер керек болады.

Бұған жоғары сұрыпты тұқымдар бағасының күрт көтерілуі, судың жетіспеуі және тарифтерінің көтерілуі, өсімдікті зиянкестерден қорғау зат­тарының, химикаттардың, тыңайтқыш­тардың, жанар-жағармайдың қымбат­тауы қосылды. Мұның сыртында жа­ла­қыны да жоғарылатуға мәжбүр: аграршылар тұрғындардың қара жұмысты ауырсынып, 200-300 мың айлыққа қызықпайтынына мұң шағады.

Эксперттердің есептеуінше, тұқым сатып алуға, жер өңдеуге, дән себуге, тыңайтқыштар енгізуге, еңбекақы төлеуге және өнім жинауға кететін шығындар картоп алқабының 1 гек­тарына орта есеппен 1 миллион теңгені құрайды. Егер әр гектардан 236 цент­нерден өнім жиналса, онда картоптың 1 центнерінің өзіндік құны осының өзінде 4,3 мың теңге (әр келісі 43 теңге) тұрады. 

Бұған сатып алынған техниканың, жанар-жағармайдың, түрлі алым-салықтың және басқасының шы­ғыстары, ауа райының қолайсызды­ғынан, су жетіспеуінен, қуаңшылықтан болатын шығындар және басқасы қосылса, өзіндік құн екі есеге дейін ұл­ғаюы мүмкін. Ал, жоғарыда айтыл­ғандай, шетелдік жеткізушілер әлекедей жаланып, картоптың әр келісін 70 теңгеден жеткізуге дайын отыр. 

Фермерлер Ресейдегі, Беларусьтегі аграршылар өз мемлекетінен өте ау­қымды мемлекеттік қолдау көретін­діктен, олармен тең дәрежеде бәсекелесе алмайтынын айтады. Қазақстанда ауыл кәсіпкерлері басқаны айтпағанда, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алғаны үшін үлкен баж салығы мен утилизациялық алым төлейді. Сал­дарынан техника құны екі еседей қымбаттайды. 

Делдалмен күрес күшейеді

Шенеуніктер болса, проблемаға кешенді қа­рау, терең бойлау ор­­­нына бар айыпты тағы делдалдарға жаба салуға әзір. Сауда және ин­теграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова Ауыл шаруашылығы министрлігі, әкімдіктер, сауда желілері, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар өкілдерімен жиын өткізді. Онда нарықты картоппен қамту және бағаны тұрақтандыру шаралары талқыланды. Ал мол астықты сақтайтын картоп қоймалары желісін кеңейту, субсидиядан жиі қағыла бастаған егіншілерге мемлекеттік қолдауды арттыру сияқты маңызды мәселелер тыс қалды. Айтылғаны – әкімдік өкілдері өз қалаларындағы ірі сауда желілерін, базарларды аралап, бағаны және бір қолға бес келіден артық сатылмауын бақылауы керек. 

Айжан Бижанованың айтуынша, еліміздегі ірі сауда желілері, оның ішін­де Magnum, Small, Анвар және Дина фермерлерден 1,5 мың тонна картопты сатып алу үшін олармен тікелей келісімшарт жасауға дайын. Сонымен қатар сауда желілері тіпті өнімді шаруашылықтан өздері алып кетуге әзір. Айтпақшы, жиында белгілі болғандай, әкімқаралар өзіне сеніп тапсырылған өңірдегі тұрғындарының жыл сайын қанша көлемде картоп тұтынатынын нақты білмейтін болып шықты. 

– Жергілікті әкімдіктер өз қажет­тіліктерін, соның ішінде сауда желі­леріне арналған көлемдерді анықтап, нақты көрсетуі қажет! Бұл нарықтағы сұранысты жылдам қанағаттандыру үшін маңызды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен сауда нүктелері арасында тығыз байланыс орнату өте маңызды, – деді бірінші вице-министр.

Сондай-ақ ол жүйеқұраушы базарлар мен сауда орындарына бақылауды қамтамасыз етуді маңызды санайды. А.Бижанова азық-түлік тауарларының бағасын қалыптастыру тізбегіне кіріп алып, өз үстемеақысын қосатын дел­далдардың схемаларын тергеп зерттейтін өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейту міндетін қойды. Яғни, мемлекет «ревизорлары» мен өңірлік комис­сияларды жолға шығару арқылы қайтадан әкімшілік ресурсын іске қосып, нарыққа қол сұғып отыр. 

Айта кету керек, биылғы жыл басталғалы осы министрліктің Сауда комитетінің өңірлік департаменттері өнімсіз делдалдарды әшкерелеу мақ­сатында 20 өңірлік комиссия құрған. Соның нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар өнім ретінде картоптың бағасына сауда үстемесін 15%-дан асырып жіберуге қатысты 49 заңбұзу­шылық анықталды. Барлық факті бойынша тиісті әкімшілік жазалау шаралары қабылданады.

Сонымен бірге Сауда бірінші вице-министрі фермерлермен жұмыс жүр­гізуді, оларға картоп пен басқа өнім­­дерінің бастапқы босату бағасын не­гізсіз көтеруіне жол бермеу мәселеле­рін пысықтауды тапсырды. Басқаша айтқанда, Сауда министрлігінің ше­неуніктері ауыл кәсіпкерлеріне түйілген жұдырығын көрсетіп, қорқытып қойды. 

«Баға көтерілісімен» күрес аясында Сауда, Ауыл шаруашылығы министр­ліктерінің жауапты шенділері ірі сауда желілерінің басшыларымен жеке-жабық кездесулер өткізді. Мысалы, осы келіс­сөздер нәтижесінде Астанадағы Small желісінде картоптың орташа бағасы 280 теңгеге, ал Magnum желісінде 185 теңгеге дейін төмендеді. Сауда коми­тетінің мониторингі бойынша Қа­зақ­станда картоптың орташа бағасы – 322 теңге. 

«Жалпы, елдің барлық аймағындағы әлеуметтік дүкендерде, ӘКК серіктес­­­терінде картоптың көлемі жеткілікті және нарықтағы бағадан төмен. Ай­мақтардың тұрақтандыру қорларында жинақталған картопты белсенді сату жалғасты. 2024 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы 19 қаңтарға дейінгі аралықта қорларда жалпы көлемі 85,4 мың тонна картоп болған. Оның 23,6 мың тон­­­­насы сатылды. Соңғы 3 күнде шамамен 3 мың тонна картоп сатылды. Соның ішінде Алматыда – 300, Шым­­­­кентте – 600, Түркістан облысында 300 тоннасы өтті. Тұрақ­­тандыру қорла­­рында бүгінде 60 мың тонна картоп қалды», – деп хабарлады Сауда министрлігі.

Дастарқаннан картоп арылмасын десек...

Картоп өндірісі дамуы үшін фермерлер Үкіметтен субсидияны арттыруды сұрайды. Демеуқаржы керісінше, төмендегелі тұр: биылдан бастап субсидияны тек 2 жыл қатарынан астығының көлемін азайтпай, ұстап тұра алғандар алмақ. Диқандар қуаң­шылық жаппай жайлай бастаған қазіргі заманда тұрақты өнім алып тұру күрделі екенін алға тартады. 

Сондай-ақ әр гектардан шығымды­лықты арттыру үшін жоғары сапалы тұқым пайдаланылуға тиіс. Гербицид, пестицид, тыңайтқыштарды қажетті көлемде құю да талап етіледі.

– Картоп өндірісін цифрландыру маңызды. Біз «Баймырза-Агро 2018» сияқты картоп өсіретін серіктес­те­рімізбен бірге осы шаруашылықтың тиімділігін, еңбек өнімділігін арттырып, өзгеге үлгі болуға күш салудамыз. Мы­салы, арнайы жүйе картоп егісі алқа­бындағы пилотсыз машиналарды басқарады, операцияларға мониторинг пен бақылау жасайды. Harvest Eye арқылы дақылдың дамуы, түйнектер саны мен көлемі, шығымдылығы туралы нақты деректерді шынайы уақыт режимінде алуға болады. Бұл климат дағдарысы жағдайында егін процесін сауатты басқаруға, орақ науқанын уақытында бастауға, сөйтіп өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді германиялық техника брендінің көкөніс жабдықтарын сату бөлімінің басшысы Сұлтан Қабкешов.

DirectFarm орталығы сарапшы­ларының айтуынша, қазіргі кезде әлемде чипс қытырлақтарын өндіруге арналған картоп сұрыптарына сұраныс жоғары. Картоптың кәдімгі «асханалық сорттарынан» олар құрамындағы крахмалы және редукцияланатын қанты көлемімен ерекшеленеді. Бұл сұрыптарға Леди Розетта (Lady Rosetta), Леди Клэр (Lady Claire), Saturna, Ventana және өзгесі жатады. 

Сондай-ақ «фри картобын» жасауға арналған сұрыптар нарығы да қарқынды өсіп келеді. Қуырылған картоп таяқ­шаларын жасауға қарапайым картоп емес, Анна Патшайым (Queen Anne), Маделина (Madeleine), Madeira, Red Lady, өзге сұрыптары пайда­ланылады. 

Euronews хабарлауынша, бірқатар еуропалық мемлекет, әсіресе, Румыния фермерлері табысы аздығы салдарынан, қарапайым картопты егуден бас тарта бастады. 

– Шығынының өсіп кетуі кесірінен, картоп егуден бойын аулақ салған фер­мерлердің саны артып барады. Тұ­қымның құны соңғы жылдары 2 есе­ленді. Жұмыс күші де барған сайын қымбат және қолжетімсіз бола түсті. Соның кесірінен картоп өндірісінің қысқаруы жалғасты. Еуроодақтың бүкіл картоп фермаларының үштен бірі жалғыз Румынияда орналасқан. Ұлттық статистика институтының дере­гінше, 2024 жылы Румынияда картоп өндірісі соңғы 8 жылдағы ең төмен көрсеткішке құлдырады, – деді Euronews.

Бұл ретте Румынияда былтырғы 2024 жылы шығымдылық әр гектардан небәрі 140,8 центнерден айналған. Құрғақшылық пен аптап ыстық ахуалды ауырлатып жіберді. Еуропадағы ең «картопты» елде төл өндірісі ішкі сұранысының жартысын ғана өтейді. Еуроодақта бұл дақыл егістігінің 70%-дайы небәрі 5 елде – Румыния, Франция, Польша, Нидерланд пен Бельгияда шоғырланған. 2000-2023 жыл аралығында Еуропада картоп өндірісі ғаламат 27,9 млн тоннаға кеміген. Демек, өндірістің үштен бірінен астамы (36,7%) жойылды.

Бұлай бара берсе, Қазақстанда да, әлемде де картоп қат өнімге айналып, қарапайым халықтың ас мәзірінен шығып қалуы ықтимал.

Айхан ШӘРІП