Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Министрлер кабинетінің басым бағыттарына тоқталып өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Үкімет басшысының айтуынша, жоғары сапалы экономикалық өсуді қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын арттыру негізгі басымдық және солай болып қала береді.
– Депутаттық корпуспен тығыз байланыста еліміздің одан әрі дамуына бағытталған бірқатар маңызды заң әзірленіп, қабылданды. Үкіметтің 2024 жылға арналған жұмысының негізгі қорытындылары, сондай-ақ биылғы жылға арналған жоспарлар туралы баяндауға рұқсат етіңіздер. Өткен жылы экономикалық өсім 4,8 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығында – 13,7%, құрылыста – 13,1%, саудада – 9,1%, көлікте – 8,5% жоғары серпінге қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9%-ға өсті, – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ ол соңғы 10 жылда аграрлық сектор мен өңдеу өнеркәсібі серпінді нәтижелер көрсеткенін атап өтті.
– Бұл ретте мұнай өндіру 2 млн 400 мың тоннаға төмендеп, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынына кері әсерін тигізді. Бұған елдің ОПЕК+ алдындағы міндеттемелері, сондай-ақ ірі кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмыстары әсер етті. Салалар бойынша статистикалық өсу көрсеткіштерінің артында келесі нақты нәтижелер тұр. 29 ірі зауыт салынды: Қостанай облысында шойын, Алматы облысында вольфрам және жылу оқшаулағыш материалдар, Шымкентте қымбат металдарды өңдеу, Қарағанды облысында катодты мыс, автомобиль дөңгелектері мен тұрмыстық техника шығаратын зауыттар және басқалары, – деп қосты Олжас Бектенов.