Nur Otan партиясының пәрменімен тұрғындардың өтініш-тілектері бойынша талай тірлік тіктеліп жатқаны жасырын емес. Қара халықтың мұң-мұқтажына құлақ түрген партия өкілдері талай түйткілдің түйінін тарқатып, көпшіліктің алғысына бөленуде. Бұл ретте партияның Жамбыл облысы Шу аудандық филиалына Балуан Шолақ ауылдық округі Жиделі стансасынан өтініш білдіріп келген бұқараның да тілегі ескерусіз қалмай, толықтай шешімін тауып отыр. Жиделі ауылында былтырғы жылдың ортасында су жинайтын мұнара тесіліп, халыққа таза ауызсусыз қалу қаупі төнген. Бұл мәселені партияның қоғамдық қабылдауында көтерген ауыл тұрғындарының өтінішін «Балуан Шолақ» бастауыш партия ұйымының төрағасы Базархан Жүнісқұлов жеке бақылауына алып, «Қазақстан темір жолы» АҚ облыстық жол бөлімінің басшысы Д.Сыдықовқа хат жолдады. Нәтижесінде, «Теміржол Су-Шу» ЖШС-нің өкілдері халықпен кездесу өткізіп, барлық мәселені бүге-шүгесіне дейін зерделеді. Көп ұзамай басталған құрылыс жұмыстары қыркүйек пен желтоқсан айларын қамтып, қазіргі кезде халық таза ауызсуға қайта қол жеткізді. Мұндай жедел әрі сапалы жұмысқа тұрғындар да дән риза.
– Шынымды айтсам, құрылыс жұмыстары дәл осылай тез бітеді деп ойламадым. Себебі су мұнарасы өте апатты жағдайда тұрған болатын. Алайда теміржолшылардың көмегімен ауыл тұрғындары қайта таза ауызсуға қол жеткізді. Nur Otan партиясының көмегіне жүгінгеніміз де дұрыс болды. Осы жолы партияның пәрменін шын сезіндім, – дейді ауыл тұрғыны Марат Анарбеков. Өз кезегінде Гүлнар Сахалбаева да олқылықтың орнын толтырып, түйткілдің түйінін тарқатуға ұйытқы болған партия өкілдеріне алғысын білдірді.Иә, қалай алып қарасаңыз да бұл бас бармақпен бағалауға тұрарлық тындырымды дүние. «Алғыс арқалаған алысқа барады» дейді қазақ даналығы. Сондықтан бұқара мен биліктің арасын берік байланыстырып жүрген партияның пәрмені әрдайым дәрменді болсын демекпіз. Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы