Ы.Алтынсарин «Мұғалім – мектептің тынымсыз соққан жүрегі» дегендей, жалпы ұстазға жүктеген міндет ауыр. Заман талабына сай білім беру, кәсіби шеберлігі дамыған мамандармен қамтамасыз ету, өркениетті, ғылыми-әдістемелік бағытқа ынталану – алға қойған мақсат. Бүгінгі заман мұғалімі осыған лайық па? Бүгінде екінің бірі ұрпақ алдында «сара жолын» салып жатыр. Сол саралықтан ертең дара тұлға шықса, әрине құба-құп. Алайда білім беру саласына оқытудың озық технологияларын меңгермей сауатты жан-жақты маман болу мүмкін емес. Әйтсе де, мұндай дәрежеге жету қайда... Мәселен, Қазалы ауданындағы разъездердегі мектептердің жағдайы аянышты. Жалаңтөс ауылында Қ.Пірімов атындағы №103 орта мектепке қарасты шағын комплектілі «Қарашеңгел» бастауыш сыныбы мектебі, ал «Шитүбек» бөлімшесінде орналасқан 1-4 сынып оқушылары оқиды. Айналдырған екі бөлме, кіреберісін шаң басқан, бар-жоғы екі парта ғана тұр. От жағатын пеш болған соң бөлменің ішін ыстың иісі алып, тамағыңды қариды. Ойға келгені, алақандай бөлмені таза ұстаса да болмас па еді?! Ал көрнекі құрал, компьютер дегеннің бұл мектептен қарасы көрінбейді. Бар-жоғы кезекпе-кезек сабақ беретін екі мұғалім ғана. Олардың өздері лаждап жүргенін жеткізді. Мұны көрудің өзі бізге қиынға түсті. Себебі өзімді «Айқын» газетінің тілшісі деп таныстырсам да, кіре алмадым. Содан Қ.Пірімов атындағы №103 орта мектептің директоры Асылбек Нұрадиновке телефон соғып, «Шаң басқан, түтін сасыған» мектепке рұқсатпен әрең кірдік-ау. Бұл бір ғана мектептің жағдайы. Мұндай білім ошағы әрбір жерден, ауыл-аймақтан табылады. Мәселен, «Ойынды» разъезінің мектебіне ат басын бұрдық. Ол разъез теміржол бойында орналасқан. Оның өзі қоқысқа толы, санитарлық жағдайы сын көтеретіндей емес. Өйткені ауыл адамдарының өздері теміржол бойына қоқысты тастай берген секілді. «Көбек» разъезіндегі мектептің күйі де қалт-құлт етіп тұр. Жауын жауған сайын төбесінен аққан суды тазалаудан көз ашпайтынын еден жуушылар жасырып отырған жоқ. Тіпті, жаба тоқып күн көріп отыр. Ал қыстыгүні мектептің суығынан балалардың тоңатынын мұғалімдер де мойындады. Бұл мектеп те Асылбек Нұрадиновке қарайды. Оның Қ.Пірімов атындағы №103 орта мектебіне директор болып келгеніне екі жылдай болып қалды. Әлі күнге дейін Жалаңтөске Қазалы ауданынан қатынап жұмыс істейді. Ауылда қонақүйдің жоқ екені бәріне белгілі. «Түске, кешке кімнің үйі шай береді» деп аңдығанша, «Өз үйің – өлең төсегің» болғаны дұрыс емес пе? Білдей бір мектеп директорының әр үйдің есігін сығалап, қазанын аңдығаны несі? Ал Үкіметке «кеш келіп, ерте кететін» келімсек мектеп директорлардың керегі не? Одан біз қалай ел боламыз, қалай өсеміз? Ұстаз ұлағаты болса ғана ұрпақтың бағына айналады. Ұлықтың ұшқыны да көрінбесе, бағы емес, сорына айналмай ма? «Көп ішінде күрмеу күн көрмей» әр күнімізді сапалы білім, сапалы тәрбие берумен бастасақ, алмайтын асу, бағындырмас белес болмас. Сондықтан ұстаздар қауымы әрдайым ұстаздық жауапкершілікті үнемі есте ұстағаны дұрыс. Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы